Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың отбасына жергілікті әкімдік тарапынан көмек берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты
"Білуімше, жігіт жақсы отбасыдан шыққан. Бақуатты отбасы деуге болады. Ер адам кәсіппен айналысқан. Жергілікті әкімдік марқұмның отбасына, қызына, ата-анасына көмектеседі", – деді Исабаев. Алайда қандай көмек ұсынылатыны нақтылаған жоқ.
Оқиға Жетісу облысы Баласаз ауылында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 21 маусымында Айбар Жанболат мал бағуға тауға кетіп, түстен кейін үйіне оралған. Сол сәтте ол әйелі Айзат Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген. Сұрағына жауап ала алмаған соң, ашуға булығып, ауыл дүкенінен сыра алып ішкен.
Үйге қайта оралған кезде күдіктінің әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлесетінін есіне алып, қызғаныш сезіміне ерік беріп, оны өлтіру туралы ойға барғаны тергеу материалында жазылған.
Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс Талдықорған қалалық сотында қаралып жатыр.