«Жаман атты қылды»: Құрбысы Гауһар Әлімбекованың өзіне жала жапқанын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Гауһар Әлімбекованың қылмыстық ісіне қатысты мәселеге әлі күнге дейін нүкте қойылар емес. Бүгінде айыпталған әнші де, 40 мың долларды талап еткен тарап та әзірге айтқанынан қайтпай отыр. Атышулы оқиғаның желісі дәл қазіргі таңда қалай өрбуде? Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбаттасқан жәбірленуші Бақыт Назарова өз ақиқатын айтты.
«Қазіргі жағдайда Әлімбекова өзінің қылмысын әлі мойындамай отыр. Ол міне үш жыл болды «білмедім», «көрмедім» деген сөздерден айнымай келе жатыр. Ал оның туған сіңілісі Гүлнәр Әлімбекова «Менің апайым Гауһар 40 мың долларды алды да, жәбіленушінің ұлы Тимурмен кеңсеге тапсырды» депті ютуб желісінде. Оны қалай түсінеміз? Бұл біріншіден. Екіншіден, Гауһардың өзі үйде тыныш отыра алмай, менің үстімнен жала жауып, өзінің ғаламтор желісінде 130 мың адамға мені жаман атты қылып отыр», — дейді Бақыт Назарова.
Айта кетейік, аталған шу шыққанда отандық эстраданың өкілдері Гауһарға қаржылай қолдау көрсетуге кіріскен еді. 10 миллион теңгені жинаған жұлдыздар жәбірленушіге ұсынған. Ал, Бақыт Назарова 14 миллион теңгені талап етуде екен. Яғни, қалған 4 миллионды қайтару үшін Әлімбекованың жақтастарына 3 ай уақыт бергенін айтады.
«Мен олардың позициясын түсінбедім. Олардың мақсаты Әлімбековаға жеңілдік алып беру ме, әлде судан таза, сүттен ақ қылып шығармақшы ма? 10 миллион теңгемен бір жола оның мәселесін шешіп шығару ма? Мен сол жағын ұқпадым. Егер 4 миллионды бере алмайтын жағдай болса, мен Әлімбекованың жазасын жеңілдетуге қарсы емеспін деп жазайын дедім. Бірақ толық талабым жоқ деп жазбаймын», — дейді жәбірленуші.
Бақыт Назарова әнші құрбысының абыройына нұқсан келтіруді қаламайды. Бірақ бұрын жұбы жазылмайтын жандар, бүгінде қарсыласқа айналып отыр.
«Мен басынан бастап Гауһарға қарсы емес екенімді айтып келемін. Мақсатым оны соттату емес екенін де айттым. Менің мақсатым – өзіме келген залады қайтару! Міне үш жыл болды. Қаншама күш-жігерімді жұмсап қиналсам да, пәтерімді жоғалтып алуға аз ғана қалып тұрмын. Несиемді төлей алмай жүрсем де, сабырлық сақтап осы істің соңын күтудемін. Менің залалым өте үлкен. Мен қарызға батып отырмын. Әлімбекованың сыртынан жаман сөздер айтып отырған жоқпын. Оған керісінше түсіністікпен қараңыздар, оны сөкпеңіздер деп, ешқандай жаман оймен жүрген жоқпын», — дейді Гауһардың экс-құрбысы.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінен құрбысына құны 40 мың долларды құрайтын пәтер алып беруге бекінген Гауһар, соңында айыпты деп танылған еді.
Алғашқы сот отырысында Әлімбекова алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сазгер өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, жәбірленуші де өз сөзін өзгертпек емес. Жұртты даурықтырған дауға қатысты келесі сот отырысы сәуір айының 11-і күніне шегерілді.
stan.kz