Қырғызстан жұма күнгі уағыздарға қатысты ереже қабылдады
Қырғызстан мұсылмандар діни басқарамасының шешімімен, елдегі мешіттерде жұма күнгі құтпа мен уағыз қырғыз тілінде (қажет кезінде ғана орыс тілінде) оқылады. Бұйрыққа ел мүфтиі Мақсатбек Токтомушев 6 наурызда қол қойған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Мүфти қол қойған құжатқа сай, жұма күнгі уағыздар мен құтпа аз ұлт өкілдері тұратын аймақтарда да қырғыз тілінде оқылуы тиіс.
Қырғызстанда 6,2 миллион халық тұрады. Олардың 73 пайызы — қырғыздар. Бұл елде қырғыз тілі — мемлекеттік тіл, ал орыс тілі — ресми тіл болып саналады.