Қытай Айдың арғы бетіне алғаш зерттеу аппаратын қондырды: Ғарыш бәйгесінің сыры неде?
3 қаңтар күні Қытай ұшырған ғарыштық зерттеу аппараты Айдың арғы бетіне қонды. Сонымен Қытай алғаш рет Айдың бізге көрінбейтін бетіне зерттеу құрылғысын қондырған мемлекет болып қалды. Сондай-ақ, Қытайдың бұл жетістігі Айды зерттеу тарихының жаңа парағы ретінде бағаланып отыр.
Қытай осыдан 15 жыл бұрын ғана алғаш рет ғарышкерін ұшырған еді. 3 қаңтар күні Бейжің уақытымен 10:26 мөлшерінде Қытайдың «Чаң Ы – 4» атты ғарыш зерттеу аппараты Айдың арғы бетіне қонды. Алдағы он жылда Қытай жаңа ғарыш станциясын құру, Айда жаңа база құру, сол арқылы Марс миссиясын бастауды жоспарлап отыр. Мәліметтерде айтылуынша, жаңа ғарыш станциясы 2022 жылы құрылысын аяқтайды.
Ғарыш зерттеу тарихы қысқа болса да Қытайдың бұл жетістігі әлем назарын аударып отыр. Айдың арғы бетіне аппарат қондыру арқылы адамзаттың ғарыш зерттеу тарихына өзіндік зор үлесін қосқанына талас жоқ, алайда, Қытайдың Айды зерттеуді жеделдетуінің сыры неде? Ғарышты ашу, Марсқа бағыттаған миссиясының көздегені не? Державалардың «Ғарыш бәйгесі» тағы басталды ма?
Британия Астрономия орталығы өкілдерінің айтуынша, Қытай өзінің ғарыш жобалары арқылы әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарында екенін дәлелдеуге тырысады.
Ғарыш бәйгесінің құпиясы
«Қырғи қабақ соғысы» аяқталғанан кейін тоқтап қалған ғарыш бәсекесі, соңғы жылдары қайта күшейе түсті. АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония, Үндістан және бірқатар Еуропа елдері ғарышты зерттеу саласында белсенді әрекет ете бастады. 2017 жылы Үндістан бір ғана ғарыш зымыранымен 104 жасанды жер серігін ғарышқа шығарып, рекорд жаңартқан еді. Сондай-ақ, Үндістан 2022 жылы үш ғарышкері арқылы ғарыштық жаңа миссиясын бастағалы отыр.
Соңғы уақыттарда осы ғарыш бәйгесінің түпкі мақсаты да былайғы жұртқа белгілі бола бастады. Осыған дейінгі ғарышты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Күн жүйесінде планета ретінде біріге алмаған ғарыш денелері топтасқан орбитаның бар екенін тапты. Бұл орбитада ірілі-ұсақты миллиондағы аспан денелері Күн жүйесін айналып босып жүр. Сондай-ақ, оларда қисапсыз бағалы байлықтың қоры бар екені мәлім. Жер планетамыздың ресурстары жыл сайын азаюда. Адамзат болашақ ресурс пен энергия тапшылығына тап келуі мүмкін деп болжанады. Бұндайда ғарыштағы байлыққа алдымен қол жеткізген ел өз бәсекелестерінен әлде қайда құдіретті күшін көрсете алмақ.
Ғарыш зерттеу саласының көшбасшысы кім?
Қытай ұшырған «Чаң Ы-4» айдың арғы бетіне қонып, әлем назарын өзіне аударғанымен көптеген елдің сарапшылары Қытайды ғарыш зерттеу саласында АҚШ-пен бәсекелесе алмайды деп қарайды. Қытайдың ғарыш зерттеуге бөлген қаржысынан Құрама Шаттың бөлген қаржысы бірнеше есеге көп. Оның үстіне NASA-ның бұған дейін жеткен жетістіктерін қайталау үшін Қытайға әлі де көп еңбек керек екенін анық.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың ғарыш саласындағы жаңа жетістігі оның әріптестерін қорқыта қоймайды. Себебі, Қытайдың ғарыш зерттеу бағыты мүлде басқа, тек өз мүддесін көздеген зерттеу бағытында жұмыс істеп отырғанын алға тартады. Бірақ, Қытай алдағы уақытта «Чаң Ы-5» және «Чаң Ы-6» жобалары арқылы Ай бетінен алынған құмдар мен қиыршық тастарды Жерге жеткізу жұмыстарын қолға алмақ.