Kaspi.kz және ҚНРДА алаяқтықпен күрес бойынша ағартушылық роликтер сериясын ұсынды
Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлері пайда болуда. Kaspi.kz компаниясы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қолдауымен және B.A.S. Production студиясының қатысуымен алаяқтарға қарсы ағартушылық бағыттағы бейнероликтер сериясын әзірледі.
Бұл жобада көрермендерге алаяқтардың қолданатын әдістері мен олардан қорғану жолдары түсінікті әрі қызықты түрде баяндалады. Роликтерде «Алаяқтар» сериалы арқылы танылған актерлер, соның ішінде Рүстем Омаров, шынайы оқиғалар негізінде түсірілген көріністерде ойнайды.
Kaspi.kz негізін қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе:
“Біз клиенттерімізді қорғау үшін ең заманауи технологияларды қолданамыз. Сонымен қатар, алаяқтардың психологиялық айла-тәсілдерін ашық көрсету үшін ағартушылық роликтер түсіруді жөн көрдік. Бұл бейнероликтер барлық телеарналарда көрсетіліп, Kaspi.kz-тің ресми парақшаларында жарияланады. Осы маңызды әлеуметтік жобаға қатысқан әр адамға алғыс білдіремін!”
Актер Рүстем Омаров:
“Kaspi.kz бізге нақты оқиғаларға негізделген сценарийлерді ұсынды. Сондай-ақ, ІІМ, Антикор, Прокуратура және ҚНРДА қызметкерлері бізге кеңес беріп, шынайы деректермен бөлісті. Бұл – тек қызықты жоба ғана емес, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды бастама.”
Алғашқы ролик Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жарияланды. Жаңа бейнероликтер әр екі апта сайын шығып, еліміздің барлық телеарналарында көрсетілмек.