Спорт

Дзюдодан қазақ бапкерлері Жапонияда тағылымдамадан өтеді

Асқар Алтайұлы Асқар Алтайұлы
Дзюдодан қазақ бапкерлері Жапонияда тағылымдамадан өтеді
Фото: kznews

Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Jenys Judo Club ұйымы мен Жапонияның JUDOs Nonprofit Organizationұйымы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Аталған құжат тараптардың дзюдо спортын дамыту, жаттықтырушыларды даярлау сапасын арттыру, бірлескен білім беру және тәжірибелік семинарлар өткізу, сондай-ақ дзюдоның философиясы мен құндылықтарына негізделген мәдени және кәсіби байланыстарды нығайту ниеттерін бекітеді.

Бұл келісім аясында Қазақстан алғаш рет дзюдоның отаны — Жапонияның ғылыми тәсілдеріне, заманауи білім беру жүйелеріне және алдыңғы қатарлы жаттығу әдістемелеріне тікелей қол жеткізуде. Меморандум жапондық жетекші білім беру бағдарламаларымен, профильді мектептер мен университеттермен, сондай-ақ әлемдік дзюдо орталығы саналатын Кодокан жүйесімен өзара ықпалдастыққа жол ашады.

Келісімге сәйкес, қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар Жапонияға тағылымдамадан өтуге, біліктілігін арттыруға және кәсіби деңгейін көтеруге жіберіледі. Бұл қадам Қазақстанда мектеп, балалар және кәсіби дзюдоның жүйелі дамуына маңызды серпін береді.

Меморандум стратегиялық сипатқа ие және ұлттық жаттықтырушылар даярлау жүйесін қалыптастыруға, отандық дзюдо мектебін дамытуға, сондай-ақ Қазақстанды әлемдік үздік білім беру және жаттығу тәжірибелерімен интеграциялауға негіз қалайды.

Аталған келісім мемлекеттік бастамалар аясында да ерекше маңызға ие. 13 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF), Оқу-ағарту министрлігінің, Туризм және спорт министрлігінің және Қазақстан дзюдо федерациясының қолдауымен жүзеге асырылатын «Judo in Schools» халықаралық бағдарламасына ресми түрде старт берілді.

Бағдарлама Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде дзюдоны кезең-кезеңімен енгізуге және балалар бойында спорттың негізгі құндылықтарын — тәртіп, құрмет пен дамуға ұмтылысты қалыптастыруға бағытталған. Жапонияда қол қойылған меморандум бағдарламаның халықаралық құрамдас бөлігін күшейтіп, оның ұзақ мерзімді әрі жүйелі дамуына берік негіз қалайды.

Бұл келісім Қазақстанда спортты, оның ішінде дзюдоны дамытудағы дәйекті әрі мемлекетке бағытталған саясатты, сондай-ақ спорт пен білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын айқын көрсетеді.

Айта кету керек, JUDOs Nonprofit Organization ұйымының негізін қалаушы әрі жетекшісі — Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы, дзюдодан үш дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дзюдо федерациясының спорт директоры Косэй Иноуэ.

Ал Jenys Judo Club клубының негізін қалаушы — кәсіпкер, Халықаралық дзюдо федерациясы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының спорт шебері және дзюдодан 6-дан иегері Алмаз Альсенов.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz