Медиа кеңістікте танымал Мөлдір Мұқан «Тек қана қыздар» подкастына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты көпшілікке беймәлім жайттарды ашып айтты. Ол әулетті, жағдайы жақсы отбасынан шыққанына қарамастан, махаббат үшін материалдық тұрғыдан ештеңесі жоқ жігітке тұрмысқа шыққанын жасырмады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мөлдірдің айтуынша, ол бала кезінен баршылықты көріп өскен.
«Үйімізде үш бөлмеде үш теледидар болды. Ауылдағы алғашқы түрлі түсті теледидар да, жұмсақ диван да біздің үйде тұрған», – дейді ол.
Алайда тұрмыс құру кезінде ол үшін басты құндылық байлық емес, сезім болған.
«Қолында түгі жоқ жігітке тұрмысқа шықтым. Сол үшін бәрін нөлден бастадық», – деді Мөлдір.
Сондай-ақ ол ата-анасынан ерте айырылып, өмірдің ауыр сынақтарынан өткенін де атап өтті.
Подкаст барысында Мөлдір әзіл-қалжың аралас бір қызықты жайтты да бөлісті.
«Мен КВН мен футболды ұнатпаймын. Бірақ соңында КВН ойнайтын жігітке тұрмысқа шықтым», – деді ол.
Бұл сұхбат әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Кейбірі Мөлдірдің ашықтығын және өмірлік таңдауын түсіністікпен қабылдаса, енді бірі оның бұрынғы жұбайына қатысты айтқан сөздерін орынсыз деп сынға алды.
Желіде:
«Текті, көреген жердің қызы бұлай айтпас еді»,
«Қолында дымы жоқ деп айту – ұят»,
«Сені халық сол жігіттің әйелі ретінде таныды»
деген пікірлермен қатар,
«Әр адамның өз шындығы бар»,
«Махаббат үшін бәрінен бас тарту – батылдық»
деген қолдау пікірлері де жазылды.