Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыр қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы бұл шешім Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай қабылданғанын айтты.
Президенттің сөзінше, Бауыржан Момышұлының ерлігі Қазақстанмен қатар, шетелдерде де кеңінен танылған. Халық оны әрдайым қаһарман ретінде құрметтегенімен, осы уақытқа дейін ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Бұл мәселені қоғам өкілдері мен жастар бірнеше рет көтерген.
«Тарихи әділдікті қалпына келтіру қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент батырдың есімі отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым үлгі болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Бауыржан Момышұлының ерлігі – аңыз емес, тарихи құжаттармен дәлелденген және соғысқа қатысқан батырлар мойындаған шынайы ерлік.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Тараз қаласында жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды. Бұл – оңтүстік өңірлерде ашылған алғашқы осындай оқу орны.
Президенттің пікірінше, осындай әскери мектептер барлық аймақтарда ашылуы тиіс. Үкімет бұл бастаманы пысықтайды, ал басты мақсат – жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу.