Қоғам

Жаңа жылда мұғалімдерге жаппай сыйақы беріле ме — министрлік жауабы

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
Жаңа жылда мұғалімдерге жаппай сыйақы беріле ме — министрлік жауабы

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбекке осындай сұрақ қойылды. 

— Мемлекеттік мейрамдар қарсаңында төленетін сыйақы әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінен үнемделген қаржы есебінен беріледі. Бізге келген ақпарат бойынша, әсіресе басқару формасы өзгерген, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде бұл жағынан жақсы үрдіс бар. Әр мемлекеттік мейрам қарсаңында педагогтерге белгілі бір сыйақы төленіп отыр. Сыйақы тек мектеп бюджетінен үнемделген қаржы есебінен төленеді, — деп жауап берді Жұмашев Қаныбек.
Оның айтуынша, мұғалімдердің мейрам сайын сыйақы алу мәселесі әр ауданның қаржылық мүмкіндігіне байланысты.

— Бір ескеретін мәселе бар. Білім беру жүйесінде тігінен, вертикальді басқару жүйесі орныққан. Мысалы, білім басқармаларына аудандық білім бөлімдері, ол бөлімдерге мектептер бағынышты. Әр аудандық білім бөлімінің қаржысы бөлек-бөлек жасақталады. Елімізде 8 мың мектеп болса, 220 аудандық білім бөлімдері осы білім ошақтарының жылдық қаржы есептерін қабылдап, жаңа жылдағы қаржы қорын бекітіп отырады. Сондықтан бұл мәселе тікелей сол ауданның немесе қаланың бюджеттегі кірісіне байланысты. Сыйақы мәселесі қай ауданда қаржы табу көзі көп болса, мектептерге тең бөліп берілсе, сыйақы алу ықтималдығы жоғары, — деді комитет басшысы.
Еске салсақ, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банк топ-менеджерлерінің 1,7 млрд теңге көлемінде сыйақы алғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген болатын. 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz