Жаңалықтар

"Таңғы сағат алтыларда Медеу жақтағы шатқалдарға барып, тау-құзды жаңғыртып, жыладым" – Асанәлі Әшімов

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Таңғы сағат алтыларда Медеу жақтағы шатқалдарға барып, тау-құзды жаңғыртып, жыладым" – Асанәлі Әшімов
Геннадий Попов/ ТАСС

Бекежан-Асанәлі қартайса, Төлегендерді кім ширық­тырады? Бұл өмірдің заңы ғой. Қара түс болмаса, ақтың қасиетін біле ме адам. Өлім болмаса, өмірдің қадірін кім түсінеді. Бекежан болмаса, Төлеген Төле­ген болар ма еді? Қыз Жібек – Төлеген – Бекежан арасындағы драма болмаса, кино кино емес, тәтті кәм­пит болып шығар еді.

Адам жаратылғаннан кейін, пендеге тән қуанышы, реніші, қайғысы болады. Соңғы жылдары көңілім кішкене құлазыңқырап, кинодағы кейіпкерімнен, күнделігімнен дауа іздейтін болдым. Майрамнан, қос құлынымнан айырылған қаралы күндерімде достарым қайғымды жеңілдетті. Қазір олардың қатары сиреді. Бала-шағалары, басқалары көкелеп, аталап жүгіріп жүреді. Бірақ бұрынғы ит көй­лекті бір киген, аш кезде де, тоқ кезде де қасыңнан табылған достың орнын ешкім баса алмайды. "Тағдыр мені достарымның артында қалғандардың шырақшысы болып жүрсін деген шығар" деп өзімді жұбаттым. Бірақ бұл да көңілімді тыныштандыра алмады. Өмір өтіп барады. Партнер жоқ десем, басқалар өкпелеуі мүмкін. Бірақ шындығында солай. Бір-ақ спектаклім бар, соны ойнаймын. Балалармен спектакль қоямын. Академияда актерлік курсым, тәрбиелеп, болашағынан үміт күтіп отырған шәкірттерім бар. Үйде баламмен, немерелеріммен жұмыс істеймін. Гүл өсіремін. Ағаш егемін. Соларды суа­ра­мын. Жұмыс жетеді және бұл өмір бізбен бітпейді. Ең бастысы, тұлғаларға деген құрмет ортаймауы қажет. Бірде Әнуардың мен көрмеген суретін тауып алғанда бірге жүрген күндер еске түсіп, қатты толқыдым. Әнуар, Есболған, Райым­бек, қайсыбірін айтайын, шетінен бағылан, шетінен биік еді ғой. Енді өмір солай, басқа амал жоқ.

"Қыз Жібек" пен "Атаманның ақы­­рынан" кейін ақыл-есімнен қалай айырылмағаныма, қалай ішіп кет­пе­геніме, отбасын қалай сақтай алғаныма өзім таңғаламын. Көшеде келе жатқанымда кө­рермендерімнің топ-тобымен со­ңым­нан еріп жүретін күндері де болды. Так­сиге отырғанда ешқандай жүргізуші менен ақша алмайтын. Қазір сол кездері бір құдіреттің панасына алып сақтағанын енді сезіп жүрмін.

Сағи мен Мәдидің қайғысынан аман шыққаныма әлі күнге дейін таңғаламын. Алғашқы жылдары таңғы сағат алтыларда Медеу жақтағы шатқалдарға барып, тау-құзды жаңғыртып, жыласам да іштегі шерім сыртқа шықпады. Егілдім. Таусылдым. «Сағиды Құдай – өзі берді, өзі – алды» деп жанымды қамшы­ласам да жұбана алмай, басымды тасқа соқ­тым. «Іздеп табар жалғаннан, Бала берген пенде едім. Пенде өлмейді арманнан, Мінеки, мен де өлмедім» деген Абай жұбатты мені.

Сағиым мені «аға» дейтін. Анамның көңіліне қарап, балам деп бауырыма басып, мауқымды баса алмадым. Сағиымның бейнесі көмескіленіп, даусы құ­ла­ғым­нан алыстап барады. Сағыныш жүректің түбіне шөгіп, сүйегіме сіңіп кетті. Бұл енді, өзіммен бірге кететін сезім.

Сыр иесі Асанәлі Әшімов
(Тыңдаған Гүлбаршын Айтжанбайқызы)
Серік Абас-шах парақшасынан

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz