Актер Асылбек Боранбайдың отбасындағы ғажайып: қарындасы туған ағасына бүйрегін беру үшін 50 келіге арықтаған

0

Екі баласы бар Жанар Райханқызы ағасының өмірін сақтау үшін шын мәнінде жанкештілік танытқан

Еліміздегі 100-ге жуық азаматтың кеудесінде өзгенің жүрегі соғып тұр. Әлем трансплантология операциясын жасауды 1902 жылы бастаған. Австриялық хирург Алексис Каррель қан тамырларын тігу әдісін ойлап тауып, ағзаларды сәтті ауыстырудың негізін қалады. Ол өзінің зерттеуі үшін 1912 жылы Нобель сыйлығын да алған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ал Қазақстанда ағза трансплантациясы 2012 жылы басталды. Осы уақыт аралығында 2800 операция жасалған. Оның ішінде 2353 донор өз ағзасын науқастарға берсе, 447 ота мәйіт донорының ағзасын пайдалану арқылы жасалған екен.

Ең көп ауыстыруды қажет ететін ағза ол – бүйрек. 13 жыл ішінде 2078 адам өз бүйрегін ауыстырған.

Медицина саласындағы күрделі бағыт трансплантациялау жайлы Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгельдинадан сұрап білген едік.

Оның айтуынша, елімізде мәйіт донорлығына келісім бергендердің саны аз емес. Egov.kz электронды үкімет сайтында 7357 адам қайтыс болғаннан кейін ағзасын өзгелерге бөліп беруге келісім берген.

«Елімізде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі, көз трансплантациялайтын 7 орталық бар. Атап айтқанда, Астанада Ана мен бала ғылыми орталығы, Кардиохирургия орталығы және «Ұлтық ғылыми онкология орталығы», Алматыда «Сызғанов атындағы Ұлтық ғылыми хирургия орталығы», Шымкент қаласының қалалық клиникалық емханасы, Ақтөбе медициналық орталығы, Қызылорда көпбейінді облыстық емханасы, Түркістан аймағының клиникалық емханасы донор ағзасын трансплантациялайды», — дейді Назгүл Жылгельдина.

Ағза донорына мұқтаж адамдар кезекке тұрмайды. Алайда күту парағында трансплантацияға мұқтаж 4117 адам тұр.

«Трансплантация жасаған адамға екі есе күтім керек. Бірінші жылы дәрі-дәрмекті қарқынды түрде ішсе, кейінгі жылдары ол бәсеңдей түседі. Сосын өзгенің ағзасын салған адамның бәрі бірден «шауып» кетпейді. Кейде дене өзге ағзаны қабылдамай жататын жайттар кездеседі. Ол қайта ағзаны ауыстыруды қажет етеді. Осындай жағдай болмас үшін дәрігерлер донордың науқасқа сәйкестігін қадағалайды. Операция алдында тіндерге зерттеулер жасалады», — дейді Жылгельдина.

Ал ағзаны ауыстыру операциясы 4 сағаттан 12 сағатқа дейін созылуы мүмкін.

«Әр ағзаның ишемия кезі (ишемия дегеніміз ағзада қан айналымы төмендеуі немесе тоқтауы-авт.) әртүрлі. Мысалы жүрек – 5 сағат, бауыр – 4-5 сағат, бүйрек – 10-12 сағат шыдайды. Еліміздің жер аймағы кең болуы себебінен жолға ұзақ уақыт кетеді, ұшып бару, келу, соның арасында ағзаны алу отасы жасалады. Донор ағзасын жеткізуге медициналық авиацияны тартамыз», — дейді дәрігер.

Елімізде мәйіт доноры болуға келісімін берген адамдардың бәріндегі ағза донор болуға жарамды деген сөз емес дейді ол.

«Мәйіт донорлығына келісім берген азаматтарға ерекше бақылау немесе арнайы медициналық тексерулерден өту қажет емес, себебі келісім берген адам міндетті түрде мәйіт доноры бола алатынына кепілдік жоқ. Мәйіт доноры болу үшін ауруының күрделі асқынуынан ми өлімі анықталу қажет. Барлық адамға бұл диагноз қойылмайды, басқа да түрлі аурулардан бақилық болуы мүмкін», — дейді Назгүл Жылгельдина.

Сондай-ақ маман көп жағдайда ағза қажет болған адамға туыстары донор болуға ниет етеді дейді. Бүйрегін алмастырған әйелдер жүкті болып, ерлер спортта жетістікке жетіп жатқан жағдайлар да аз емес екен.

Біздің кейіпкеріміз де осы жолда жанкешті әрекет жасаған. Туған ағасына донор боламын деген мұғалім Жанар Райханқызы 50 келіге жуық артық салмағын тастаған. Жанар Райханқызы еліміздегі танымал актер Асылбек Боранбайдың қарындасы. Өзінен екі жас үлкен ағасы Әділбек Боранбайға жанашырлық танытып, бір бүйрегін берген.

Ол 18 жылдан астам уақыттан бері Қызылорда облысы, Арал ауданындағы №64 орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі жұмыс істейді, қазір екі баланың анасы.

«2019 жылы ағам Әділбектің денсаулығында ақау бары анықталды. Ағам Алматыда тұрады. Тұмаудан басталған дерті осылай асқынып кетті. Дәрігерлер бүйректің ауырғанын анықтап,  диализ қою керегін айтады. Бұл жаңалық төбемізден жай түскендей болды. Отбасымызбен бірге алаңдадық. Сол кезде бірден ағама бүйрегімді беретінімді айтып, үміт сыйладым», — дейді Жанар Райханқызы.

Жанар Райханқызы ағасының қасында өзі болып, қарасқанын айтты. Ауа жетпегендіктен, ағасы отырып ұйықтайтын жағдайға жеткен кездері болған екен.

«Алматыда 20 күн ағамның жанында болдым. Ол кездері карантин еді. Мен қан тапсырдым. Ағам екеуміздің сараптамамыз 99,9 пайыз бірдей болып шықты. Операцияны Сызғанов атындағы ұлтық ғылыми хирургия орталығында жасаймыз деді. Алайда дәрігер менің артық салмағым көп екенін айтып, отаны жасаудан бас тартты», — дейді ол.

Осылайша, Жанар Райханқызы ағасына бүйрегін беру мақсатын орындау үшін 4 жылдың ішінде 50 келіге жуық салмақ тастаған.

«Әне-міне дегенше 4,5 жыл өтті. Осы жыл ішінде ағам диализге шыдап берді. Кейін Әділбектің жағдайы нашарлай түсті. Түрі солып, қу сүйегі ғана қалды. Әр барған сайын ағамның бейнесін көріп, жылап алатынмын. Бірақ дәл сол кездер мені қатты қамшылады. Осы мақсатқа жету үшін апталап тамақ ішпей, күніне екі рет жаттығу жасап, бар күшімді салдым. Тіпті, жақындарымның «болды енді, өзіңді қинама» деген сөздері де тоқтатпады. Анам өз балаларыңды ойла десе де, 50 келіден астам салмақ тастап, ағама бүйрегімді бердім»,– дейді Жанар Райханқызы.

Былтыр ағасына бүйрегін берген Жанар Райханқызы отаға күлімдеп кіргенін айтты.

«Опеарцияға еш уайымдамай, күліп кірген адаммын. Айналамдағы жандар «батыр қыз» деген ат қойып алды. Ағама ол отадан кейін де бірнеше ота жасалды. Соңғы отадан кейін басын көтерді. Қазір жағдайы жақсы», — деп түйіндеді Жанар Райханқызы.