Адам қайда азып барады?
«Жаңа заман, жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз» деп кеуде кереміз. Бірақ, сол дамыған заманның кері әрекеттері кейде адам шошитын әрекеттерге толып барады.
Бұрын кинодан көріп, шошынатын оқиғалар біздің қоғамда адам қолымен жасалып жатқанына таңқалудан да қалып бара жатқандаймыз. Соңғы екі аптаның ішінде елдегі адам өлімі, кәмелетке жасы толмаған дарға қорлық-зомбылық деген адам санасына симайтын жағдайлар біздің елімізде адам құқығының қорғалмай отырғанын аңғартады.
Болашақ бағдарламасымен шет елде білім алып, елге үлес қосады деп сенген Қуандық Бишімбаев бірнеше жыл бұрын парамен ұсталып, істі болды. Одан оңай құтылды. Ал, өзінің әйелін адам айтқысыз жағдайда өлтіру бұл – адамзаттың ақыл-санасының жетер жеріне жеткені ме деп қаласыз…
Адамзат баласының азғындануының тағы бір көрінісі жақында Қонаев қаласындағы екі полицейдің оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түсуі. Қоғамның тәртібін күзетіп, елдің азаматтарын қорғайды деп сенген шенділердің мұндай әрекетінен соң құқығыңызды кім қорғайды деп сенуге болады?
Біз «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатып жатырмыз. Алайда сол баяғы ескі жүйенің салдары әлі де Қазақстан азаматтарына зиянын тигізуде. Заң қатаңданбай қоғамда тәртіп те жүйедегі былықтар да тоқтамға келмейді. Президенттің Әділетті Қазақстан қалыптастырудағы жүйесі ең әуелі елінің азаматтарының амандығын қорғаудан басталуы керек.
– Соңғы кездегі адам шошырлық жайттарды естіп есеңгіреп қалғандаймыз. Адамның адамға деген мейірімділігі неге соншалықты жұтап барады? Біз зайырлы қоғамда өмір сүреміз. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-керістің әсері адам өліміне итермелеуі жиіледі және бұл өте қауіпті. Қоғамдық ортаның элитасы деп жүрген азаматтар өздерінің әйелдеріне мұндай қорлық көрсетіп, азаппен өлтіруі санаға сыймайды. Мұндай қылмыскерді қатаң жазаға кесу керек, басқаларға сабақ болуы үшін – дейді қоғам белсендісі, журналист, тіл жанашыры Ізтөлеу Түсіпов.
Адам қайда азып бара жатыр? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!
Айка Абу