Премьер-министр әкесінің құрметті азамат атанғанын әділетті деп айтты
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР Заңының жобасы қаралды.
Мәжіліске көптен бері журналистердің алдына шықпаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов келгенімен сұрақтардың көбіне жауап бермей кетті. Әлихан Асханұлы премьер-министр ретінде журналистердің алдына 8 рет шыққанын айтып, ақталды. Әйтсе де ол 7 журналистің сұрағына жауап бергенімен өзге сауалдарға жауап беруді қажет деп таппады.
«Жуырда сіздің әкеңіз Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды. Бұл қаншалықты әділетті болды? Мұны сізге жағымпазданып жасап отырған жоқ па?» деген журналистің сұрағына премьер-министр «Жоқ. Ол кісі денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатыр. Жоғары котегориядағы хирург. Алпыстан астам ғылыми еңбектері бар. Қазірге дейін ол өзінің тәжірибесін, білімін көптеген мамандарға беріп, өзінің міндетін жалғастыруда. Сондықтан да ол әділетті деп ойлаймын», – деді ол.
фото: ғаламтордан