Петропавлда Аграрлық несие корпорациясы филиалының басшысы қамалды
Антикорың хабарлауынша, ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деп күдіктелуде. Пара сомасы 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі мөлшерді құрады. Ақшалай қаражат Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды беру мәселесін оң және кедергісіз шешуге арналған», — делінген хабарламада.
Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Атырауда жер қатынастары, сәулет және Атырау қаласы әкімі аппаратының бөлімдерінің бұрынғы басшылары қамауға алынған. Олар жер учаскелерін бөлу және олардың нысаналы мақсатын анықтау кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр.