Діни мектеп ашу: Заң шығарушы депутатқа Заңды түсіндірейік…

0

Мектепке хиджаб киіп келуге рұқсат беру-бермеу дейтін жылдағы дау қайта қызып, ел іші екі топқа бөлініп, ырду-дырду болып отырған тұста Мәжілістің дәудей депутаты айды аспанға бірақ шығарып, мәлімдеме жасады. «Елімізде діни мектептер ашу керек. Және ол мектептерді мемлекет жартылай қаржыландыруы керек», — дейді депутат. Бұл туралы Kznews.kz Abai.kz сайтына сілтеме жасап жазады.

Abai.kz

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ НЕ ДЕЙДІ?

Мұндай сөзді айтқан Мәжіліс депутат – Айгүл Құспан.

«Біздің мектептерді мемлекеттік мектептер және жекеменшік діни мектептер деуіміз мүмкін. Діни мектептерде мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық пәндер, физика, математика оқытылады. Оған қосымша медреседе оқытылатын Құран немесе Библия, Тор болсын – діни пәндер берілетін болса және оларды үкімет жартылай қаржыландырса жақсы болар еді. Сол кезде кимешек киетін қыздар немесе дін оқығысы келетін балалар сондай мектептерге бара алушы еді…

Францияның емес, Еуропаның көптеген елінде осындай бар. Өйткені, мен сол елдерде дипломат, елші болдым. Мысалы, АҚШ-ты алайық. Ол жақтағы мемлекеттік мектептерде кимешек киюге болады. Мен Францияны неге келтірдім? Францияда мектепке балалар орамалмен бара алмайды. Соны біздің қазақтар керемет «әне Францияны қарашы, неге өйтпейміз» дейді. Франция католиктер елі. Ол жақта діни мектептер мөлшері 50 пайыз», – дейді ол.

Abai.kz

БҰЛ ҚАЙ ДЕПУТАТ?

Бұл сөздерді айтқан депутат Айгүл Құспан кім? Әуелі сөз авторы жайлы аз-кем ақпарат:

Айгүл Құспан – Мәжілістің депутаты. Онда да Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Қазақстан, Ресей мен Францияда білім алған. Сыртқы істер министрлігінің маманы. ҚР СІМ-де, Франциядағы, Австриядағы, Литвадағы, Бельгиядағы, Люксембургтегі елшіліктерде түрлі лауазымды қызметтерді атқарған адам. Қазақстанның ЕО мен Солтүстікатлантикалық келісім (НАТО) ұйымындағы өкілдігін басқарған.

Дипломатиялық шені: Төтенше және Өкілетті елші. 2021 жылдың қаңтарынан бері Мәжілісте депутат.

Енді депутаттың ұсынысы туралы тарқата айтайық: Мәжіліс депутатының бұл айтқан пікірі субьективті көзқарас және ол өз ойын еркін айтуға әбден құқылы болды. Сондықтан, бұл пікірді конструктивті қарастырып, Зайырылық ұғымы мен еліміздегі білім беру туралы Заңдарға арқа сүйеп, сөз шығарайық. Бұл да талқының бір формасы. Сондықтан, депутат ханым біздің уәжге өкпелей қоймас…

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

«Зайырлылық – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлы елде мемлекеттің билігі бірінші тұрады, яғни діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек!». Бұл белгілі дінтанушы Досай Кенжетай мырзаның сөзі.

Қазақстан өзін неге зайырлы мемлекет деп дәріптейді? Зайырлылық атеизмді білдірмейді. Зайырлылық – прогрессивті, толерантты, ашық қоғам.

Зайырлылық деген – бұл міндетті орта білім және белгілі бір конфессияға жататындығына қарамастан орта және жоғары білім алу мүмкіндігі деген сөз.

Зайырлылық – діни бірлестіктердің, ағым, топтардың мемлекет ісіне араласпауы!

Зайырлы мемлекеттің қағидаттарының бірі ресми діннің болмауы болғандықтан, бұл ешбір діни бірлестік құқықтың қайнар көзі қызметін атқарып, заңнамалық актілерге негіз бола алмайды деген сөз!

Зайырлылық – әртүрлі халықтардың салт-дәстүрінің сақталуы!

Зайырлылық – тек діни толеранттылық емес, барлық гуманистік құндылықтарды, ар-ождан бостандығын тану, қоғамның рухани өміріндегі әртүрлілікті тану деген сөз!

 

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Біз Қазақстанды зайырлы мемлекет дейміз. Ендеше Заңды сөйлетіп көрейік.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы шілдесінде қабылданған № 319 Заңы бар. Сол заңның 3-бабы«Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері», — деп аталады.

Сонымен білім берудегі мемлекеттің принциптері не десек, дәл осы бапта: «Мемлекет баршаға теңдей білім беруге міндетті, адамдардың білім алу құқы шектелмейді, мемлекет сапалы білім беруді ұйымдастырады, білім жүйесін дамытады, білім алушыны ынталандырады, білім алу баршаға қолжетімді болады т.б.», — деп келеді де, 2-тармағында«Білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне тыйым салынады», — деп тайға таңба басқандай жазылады.

Немесе дәл осы Заңның 1-ші бабының 52-ші тармақшасында«Рухани (діни) білім беру ұйымдары — дін қызметшілерін даярлаудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары», — деп анық жазылған.

Бұл түсініктеме! Яғни, «діни білім беру ұйымдары» (жаңағы депутат айтып отырған діни мектеп те осы санатқа кіреді) – дін мамандарын даярлайтын орын болап табылады.

Әрі қарай кеттік. Осы Заңда 47-ші бап бар. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі», — деп аталады.

Анықтама:

* Бiлiм алушыларға — оқушылар, кадеттер, курсанттар, тыңдаушылар, студенттер, магистранттар, интерндер, резидент-дәрігерлер және докторанттар жатады.

* Тәрбиеленушілерге — мектепке дейінгі, интернаттық ұйымдарда білім алушы және тәрбиеленуші адамдар жатады.

47-баптың 3 тармағында, 1-ші тармақшасында: «Білім алушының құқықтары» деп: «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға құқылы», — деп нақтылап көрсетеді.

Одан бөлек, білім алушы мемлекеттік игіліктерді тең пайдалануға құқылы. Бұл дегеніңіз — осымша білімім жетілдіруге, білім беру ошақтарындағы мемлекеттік мүліктер мен игіліктерді, спорт залдарды, кітапханаларды, акт залдарды пайдалануға т.б. теңдей құқылы деген сөз.

Осы 47-ші баптың 15-1 тармағында: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті», — деп анық жазылған.

Abai.kz

Жалпы «Білім туралы» бұл Заң 68 баптан тұрады. Онда білім беруді ұйымдастыру мен білім алушының құқықтары егжей-тегжейлі жазылған. Бұл Заңға 2011 жылдың қазанында өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.

Әсілі осымен тәмам болуы керек. Мемлекетте Заң бар. Онда Мемлекет білім беруді бірнеше категорияға бөліп қарастырады. Мектепке дейінгі, орта, ортадан кейінгі, жоғарғы, жоғарғыдан кейінгі, акдаемиялық, кәсіптік білім беру. Бұл категориялардың ешбірінде діни ұстанымдарына қарай бөлектетіп оқыту, бөлек даярланған білім білім беру бағдарламасын қарастыру көзделмеген. Яғни, білім алушының барлығы тең. Барлығы бірдей біріңғай оқу стандарттарымен оқытылады.

Десе де, қосымша тағы Конституциядан мысал келтірейік.

Ата Заңның 1-ші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»;

Ата Заңның 30-бабы, 4-ші тармағында: «Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек», — деп жазылған.

Түйін: Қазақстанда мемлекет жартылай қаржыландыратын діни мектептер ашу деген – Заңға және Конституцияға қайшы ұсыныс! Біз осы жолы Қазақстанда діни мектептер ашуға Заң мүмкіндік бере ме деген сауалға ғана жауап іздедік. Ал бұл ұсыныстың идеологиялық қауіпі һәм қазіргі жаһандық геосаяси ахуалдың факторларын реті келсе, келер жолы сөз етерміз. Әзірге тәмам.

Автор: Нұргелді Әбдіғаниұлы

фото: Abai.kz