Ұлытауда ер адам өзіне тұрмысқа шыққысы келмеген қалыңдығын көлікпен қуып жүріп өлтірген
Ұлытау облысындағы Қаражал өңірінің тұрғыны 28 жастағы қалыңдығы мінген көлікті соғып, жол жиегіне шығарып жіберген.
Оқиға Қаражал-Қарағанды тас жолында болды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын «Патриот» редакциясына марқұм қарағандылық Арайлымның туыстары айтып берген.
Қыздың туыстарының айтуынша, күйеу бала қызды күнде жәбірлеп, ұрып-соғатын болған. Неке қиылғанға дейін олар Қаражал қаласында бірге тұрған. Қайғылы оқиғадан сәл бұрын қыз ата-анасына телефон соғып, оны алып кетуін өтінеді. Бірақ оны үйіне алып бара жатқанда, Қаражалдан Қарағандыға қарай шыға берістегі тасжолда мас күйеу жігіт оларды тоқтатып, көліктерінің терезелерін темір құбырмен сындырған.
Көлікті жүргізіп келе жатқан қыздың ағасының досы кері бұрылып, Қаражалға қайта жөнелген. Алдыңғы әйнегі сынған олар полицияға бет алған. Алайда ішімдікке сылқия тойып алған ер адам көлігіне отырып, соңынан қуған. Бірнеше рет олардың көлігінің артқы бамперін және сол жақ қапталынан келіп соққан.
«Ол көлікті жол жиегіне шығарып жібергісі келді. Салдарынан көлігіміз арыққа түсіп кетті», – деді қыздың туыстары.
Сөйтіп көлік аударылып қалған. Қалыңдығы сол жерде қайтыс болды. Ал анасы мен ағасы екі досымен бірге жарақат алды.
«6 қыркүйекте марқұмның бірге тұратын күйеу жігітін уақытша ұстау изоляторына орналастырдық. Көліктің неліктен жолдан шығып кеткенін нақты білу үшін лак-бояу сараптамасының қорытындысын күттік. Қазір тергеушінің қолында күдіктінің көлігінің жәбірленушілер көлігінің бамперіне және сол жақ қанатына механикалық соққы бергені туралы сараптама қорытындысы бар. Ол изоляторға орналастырылды. Сондай-ақ тергеуші Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу…» деген квалификацияны 99-бап бойынша «Адам өлтіру» және 24-99-бабы бойынша «Үш жәбірленушіні өлтіруге оқталу» деген квалификацияға өзгертті. Бұл істің тергеуін жеке бақылауыма аламын», – деді Ұлытау облыстық ІІД бастығы Қайыркен Әлиев.
ақпарат: nege.kz
фото: zakon.kz