Қоғам

“Қазанмен ұрған”: Алматыда ер адам әйелі мен 6 жасар қызын аса қатігездікпен өлтірді

Ayzhan Sylanova Ayzhan Sylanova
“Қазанмен ұрған”: Алматыда ер адам әйелі мен 6 жасар қызын аса қатігездікпен өлтірді
Фото: istockfoto.com

Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын аса қатыгездікпен өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған айыпталушы бұл жолы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сотта белгілі болғандай, сотталушы Ақбота Үсербаймен небәрі алты ай ғана таныс болған. Қанды қылмыс биыл 5 қыркүйекте болған. Тұрмыстық жанжал кезінде ер адам ас үйде тұрған шойын қазанмен әйелді баласының көзінше аяусыз ұрып-соққан. Ауыр жарақат алған Ақбота сол түні ауруханада көз жұмды. Сараптама оның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын және миына қан құйылғанын растады.

Айыпталушы бұнымен тоқтамай, марқұмның зейнеткер анасын да соққыға жығып, есінен тандырған. Әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше операциядан кейін аман қалған. Ал қылмыстың ең ауыр тұсы – 6 жастағы Көркемнің де сол қазанмен бірнеше рет соққыға жығылуы болды. Бала ауыр жарақаттан бірнеше күннен соң көз жұмды.

Іс материалдарында тағы бір эпизод бар. Баланың жан даусын естіген пәтер иесі көмекке келгенде, айыпталушы оны да темір қазанмен ұрып, есінен тандырған. Кейін қылмыс құралы Медеу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің маңына жасырылғаны анықталды.

Сотта жәбірленуші тарап пен куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ сараптама қорытындылары ұсынылды. Қанға боялған қазанда айыпталушының саусақ іздері табылған. Соған қарамастан, соңғы сөзінде ол өз кінәсін мойындамай, қылмыс жасамағанын мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы Боралхан Чалтабаевты екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен қасақана өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша айыптады. Судья Бақытжан Бәкірбаев сот үкімімен айыпталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz