Түркістан облысында өз әкесіне қатыгездік көрсеткен ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оған бірден екі бап бойынша айып тағылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ерлі-зайыптының қарт әкені аяусыз ұрып-соғып, аулада сүйреп жүрген сәті бейнеленген видео тараған болатын. Көршілерінің бірі бұл сұмдық жағдайды бейнежазбаға түсіріп алған. Алайда аталған кадрлар зейнеткер көз жұмғаннан кейін ғана жарияланып, полицияға жолданған.
Тергеу барысында 40 жастағы ер адам мен оның жұбайының қарияны балаларының көзінше жүйелі түрде соққыға жыққаны анықталды. Марқұмның өліміне не себеп болғанын нақтылау үшін құқық қорғау органдары эксгумация жүргізіп, сот-медициналық сараптама тағайындаған.
Сараптама қорытындысы бойынша, әкесіне қатыгездік танытқан ұлға «дәрменсіз күйдегі адамды азаптау» және «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылды.
Қазіргі таңда іс сотқа жолдануға дайындалып жатыр. Заңға сәйкес, айыпталушы кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.