Жаңалықтар

"Күнделік жазып жүрмін, бірақ ешкімге оқытпаймын": Асанәлі Әшімов күнделігіне не жазды екен? (ВИДЕО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Күнделік жазып жүрмін, бірақ ешкімге оқытпаймын": Асанәлі Әшімов күнделігіне не жазды екен? (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Танымал журналист, медиа-менеджер Айнұр Омар желідегі парақшасында Асанәлі Әшімов туралы жүрек тебірентерлік жазбасын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

"Жібек жолы" телеарнасы биыл өте ауқымды жобаны бастады. "Тұлға теориясы" деп атады. Арна басшылығы біртуар тұлғаларды таспалап, ғұмырбаяндық фильм жасауды тапсырды. Бұл – тарих үшін, архив үшін өте құнды дүние. Кейіпкерлердің барлығы үлкен кісілер. Ауырып қалады, күннің ыстығында түсе алмайтынын айтады.

Бірақ біздің түсірілім тобы үшін ең сәтті сьемка Асанәлі Әшімовпен болды. Ағаның жары Бағдат Әшімова продюсеріміз Райханның сөзін екі етпей, бірден түсірілім күнін белгіледі. "Қазақфильмнен" бастадық. "Бір кездері осы жер абыр-сабыр болып жататын" деп біраз тоқтап тұрды. Шәкен Аймановтың бюстін сипап, көзіне жас алды. Кабинетіне барып, сұқбат жаздық. Бағдат әпке "емін-еркін сұқбат жаза беріңдер" деп жұмыстарымен шығып кетті. Кабинет іші коңыр салқын. Қабырғаға ілінген әр сурет бір кино, бір тарих. Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріповалар... "Осылармен сөйлесем, кейде өзіммен-өзім шахмат ойнаймын", – деді мұңайып. Қатарының сиреп қалғаны ағаның жанын жүдетіп-ақ жүр еді. "Енді сахнаға шықпаймын, айтатын сөзімді ұмытып қалсам, сүрініп кетсем, бұл менің құлағаным, оны халық кешірмейді" деп еді. Өз биігінде қалу деген осы шығар…

Сұқбат аяқталғанда алып-ұшып Бағдат әпке жетті. "Асеке, сізге күшті костюм тауып келдім", – деді қуанып. Ертеңінде ағаның үйіне бардық. Бірге отырып таңғы ас іштік. Аға күнде таңертең бассейнге түседі, сосын баптап тамағын, витаминдерін ішеді. Содан кейін кабинетіне кіріп жұмыс істейді. Бір күн болса да, қағаз-қаламнан ажырамаған. Жазып жүрген күнделігін көрсетті. Бірақ оқытпады. "Мүмкін, баспаға бермейтін де шығармын" деді. Түсірілім барысында да Асанәлі ағаның үйінен кісі үзілмейтінін байқадым. "Елден сәлем бере келеді, өзіміз танымайтын да кісілер келіп, ағаның әңгімесін тыңдайды, одан бөлек бала-шаға бар", – деді Бағдат әпке. Сондай жып-жылы, берекелі үй екен. Түске қарай ағамызды шыттай киіндіріп, тойға алып кетті. "Өздеріңе қажет түсірілімді жасап, кіші Асанәліден сұқбат ала беріңдер", – деді. "Асекеңді бір күн бос отырғызбаймын, концерт, той-жиыннан қалдырмаймын", – деді. Халықтың ықыласын, қошеметін көріп қуат алады деп еді... Ал бүгін халқы аңыз адамды соңғы сапарына шығарып салды. Күнделігіне не жазды екен?!" – деп жазды Айнұр Омар.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz