Әскердегі суицид: Шекара қызметі әлімжеттік барын жоққа шығарды

0

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің шенеуніктері өз ведомстволарында жас жігіттер арасында суицидтің жиілеу себебін түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Kznews.kz.

Идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Ерік Беріков брифингте жастарды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеген себептер арасында әлімжеттік жоқ екенін айтты.

«Шекара қызметінде әлімжеттік жоқ. Біздің әскери қызметшілеріміз бір жыл ғана қызмет етеді. Тиісінше, жұмыстан босатылғандар келесі шақырылымдағылармен байланыспайды», — деді ол.

Оның айтуынша, жастар қарызға, лудоманияға және отбасылық мәселелерге байланысты шарасыз қадамға барады.

«Мен дәл Шекара қызметінде суицид жағдайлары көп болып жатыр деп айта алмаймын. Себептер әртүрлі: отбасылық-тұрмыстық психологиялық сәттер, ойынға тәуелділік. Әскери қызметшілер қарызға батып, осындай шарасыз шешім қабылдайды. Бізде «Өмірді сақта» бағдарламасы бар. Әскери қызметшілер арасында қаза болудың алдын алу бойынша барлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр», — деді Берік.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында армиядағы әлімжеттік, суицид және басқа да келеңсіз оқиғалар жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов:  «Өмір деген жизнь – өмірде бәрі болады» деген еді.

30 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курста оқитын курсанттың мәйіті табылды.

Жалпы, жыл басталғалы әскерде 7 суицид жасау фактісі тіркелген.