Елімізде АИ-95 маркалы жанармай күзде тағы да қымбаттайды – сарапшылар
АИ-95 маркалы жанармай күзде тағы да қымбаттауы мүмкін. Бензиннің бұл түрі еліміздің оңтүстігінде соңғы екі аптадан бері жоқ. Тамыз айының басында туындаған тапшылықтан жүргізушілер сұйық отынның басқа түріне ауысып жатыр. Ал сарапшылар болса жағдайдың қыркүйекте тіпті қиындайтынын айтады. Себебі, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты бензиннің бұл түрін өндіруді тоқтатқан. Соның кесірінен оңтүстік жұрты Атырау мен Ресей өніміне алақан жайып отыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкенттегі жанар-жағармай бекеттерінен АИ-95 маркалы бензинін табу қазір азапқа айналған. Себебі, бензиннің дәл осы түрі Түркістан облысында да тапшы. Көлік жүргізушілерінің сөзінше АИ-95-тің азаюы ай басында байқалған. Содан бері жұрт жаппай таллон іздеуге көшіпті.
Ал сарапшылардың айтуынша, жағдай қыркүйек айында тіпті қиындай түседі. Себебі, елдегі бензин бағасы алыс-жақын шетелдермен теңестірілмек. Және сала мамандары қазір отандық жанармай бекеттерінің Ресейден келетін сұйық отынға алақан жайып отырғанын айтады. Көрші елде баға тамыз айызда 0,6 пайызға қымбаттаған болатын.
“Қазақстанда қазір мұнай өңдеу көрсеткіші ең төменгі деңгейде. Және жанармай тапшылығы Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты ауқымын кеңейтпейінше туындай береді. Ал бұл зауыттың құрылысы тек 2030 жылы ғана аяқталады. Осыған байланысты Қазақстанда жанармай тапшы болып, бағасы алыс-жақын шет елдермен теңеседі. Менің болжамым бойынша осы жаз бен күзде АИ-95 азайып, уақыт өте келе АИ-92 -ні де табу оңайға соқпайтын болады», – дейді сарапшы Олжас Байділдинов.
Сарапшылар пікірінше осы тапшылықтан кейін АИ-95 маркалы бензиннің бағасы күзде тағы да көтеріледі. Ал, энергетика министрлігіндегілер елден шығатын жанармай ішкі нарықты толықтай қамтып отыр дейді. Бірақ, бұл жауаппен шымкенттік шенеуніктердің пікірі тіпті сәйкес келмеді.
“Тапшылық емес жетіспеушілік болып жатыр. Бекеттерде….Қайтадан қайталанады деп айта алмаймын. Себебі жаңа құрылғы қойылды. Ол 8-10 жылға дейін жұмыс істейді. 95-те шектеулі баға жоқ. Қымбаттамайды ол. Орта бағаны ұстап отырады 225-230 теңге”, – дейді Шымкент қаласы энергетика және инфроқұрылымдық дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Ілияс Есжанов.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда АИ-92 литрі 205 теңге, дизель отыны 295 теңге тұрады. Күз басында жанармайдың бұл түрлері де қымбаттауы мүмкін дейді сарапшылар.