Алматы облысындағы барлық білім мекемесі 100% интернет желісіне қосылған

0

Алматы облысында мемлекеттік жалпы білім беретін 425 мектеп бар, олардың түгелі дерлік 100% компьютерлік техникамен жабдықталған.

Өңірдегі компьютерлердің жалпы саны 76025-ті құрайды. Оның 66760 данасын ауылдық жердегі мектеп оқушылары пайданалуда. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы 124,6 млн. теңге бөлініп, 328 компьютерлік техника сатып алынған. Ал, 2023 жылға 900 компьютерлік техниканы сатып алуға 315 млн. теңге бөлінген жайы бар.

Айта кетейік, бүгінгі күнге облыстың барлық мектебі 100% интернет желісіне қосылған. 425 мектептің 388-і ауылдық жерде орналасқан, оның 362 мектебінде интернет жылдамдығы 8 Мбит/сек төмен емес, қалалық 37 мектепте 20 Мбит/сек төмен емес. Яғни, жалпы облыс бойынша 398 мектеп талшықты-оптикалық, мыс кабелі, радиомост технологиясы жоғары жылдамдық арқылы қосылып отыр.

Сонымен қатар 349 мектеп Wi-Fi технологиясы негізінде ғаламтормен қамтамасыз етілген. 2023 жылға Wi-Fi желісін жаңғыртуға және жергілікті желіні тарту үшін 108 мектепке 189 млн. тенге қаражат қарастырылғаны тағы бар.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 2023 жылға жергілікті бюджет есебінен кеңжолақты интернет желісіне қосылуға 517,3 млн. тенге қаражат бөлінген.

«Облыстағы 18 мектеп спутниктік байланыс және 68 ADSL мыс кабелі арқылы қосылған мектептердің интернет жылдамдығын талшықты оптикалық байланыс желісі немесе радиомост технологиясы арқылы көтеру қажеттілігі туындаған. Осыған орай, «Қазахтелеком» Акционерлік қоғамы 86 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу бойынша шығыны есептелуде», — дейді мамандар.

Естеріңізге саламыз, үстіміздегі жылы мектептерді 100% білім беру ресурстарына қосу үшін жергілікті бюджет есебінен 231,2 млн.тенге қаражат бөлінген еді.
Цифрлық білім беру ресурстарына келер болсақ, онда облыстың 90 мектебі қосылған. Тарқатып айтсақ, Online Mektep экожүйесіне 75 мектеп, Батыр Әлем жүйесіне 15мектеп қосылды.