«Аягөзде эколог та жоқ»: Ринат Зайытов өзен жағдайын бақылайтын комиссия құруды ұсынды
Елімізде көлдер мен өзендердегі су деңгейі соңғы жылдарда күрт төмендеп жатыр. Алайда жауапты мамандар алдын алу бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов депутаттық сауал жолдап, өзен жағдайын бақылайтын комиссия құруды ұсынды.
Депутат Аягөз ауданында эколог маманы жоқ екенін айтып өтті.
Еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі соңғы жылдарда күрт төмендеп жатыр, ал осылардың себебін анықтап, алдын алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты органдарды өз басым әлі көрген емеспін. Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын неге естімейміз?, — делінген Ринат Зайытовтың премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейі 2018-2022 жылдар аралығындағы 558-ден 162 сантиметрге төмендеп кеткен.
Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені Аягөз ауданында эколог маманы да жоқ, — деді ол.
Соған байланысты премьер-министрдің бірінші орынбасарынан Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды сұрады.