Атырауда белгілі журналистің көлігі өртенді (видео)
Атырауда белгілі журналист Виктор Сутягиннің көлігі өртеніп кетті. Оқиға бүгін таңға жуық болған. Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты Қазақстан ІІМ Telegram-дағы ресми арнасында ақпарат жариялады. «ҚазАқпараттың» хабарлауынша, Виктор Сутягин агенттіктің Атыраудағы меншікті тілшісі. Журналист оқиға бойынша өз нұсқасын айтқан.
«Мен көлікті үйдің бұрышына қалдырып кеткен болатынмын. Сағат 00:00-де сыртқа шыққанда тыныш еді. Көршінің бейнебақылау камерасынан күдікті адамның сағат 02:24-те келгенін көруге болады. Ол көліктің капотына бірдеңе істеп жатты. Біраз уақыттан соң жарылыс болды. Күдіктінің өзі зардап шегуі мүмкін. Одан басқа ешкімге зақым келген жоқ. Жақын жерде көршілердің көліктері тұрған болатын. Алайда оларды алып үлгерді» ,- деді журналист.
ІІМ мәліметінше, оқиға орнында жарылыс белгілері табылған жоқ. Ведомство хабарлауынша, 11 мамыр күні сағат 04:21 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының автопатрульдік экипажы Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін көрген. «Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Оқиға орнында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі. Болған оқиғаның себеп-салдарлары анықталып жатыр. Жәбірленушінің арызы Қылмыстық кодекстің 202-бабы 3- бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелген», — делінген ІІМ хабарламасында.