Жанболат Мамай шартты түрде алты жылға сотталды
Белсенді Жанболат Мамай сот үкімі бойынша 6 жылға шартты түрде сотталды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Алматы қаласы сотының мәліметінше, Бостандық ауданының №2 аудандық сотында Жанболат Мамайға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол билік өкілдерін өздерінің қызметтік міндеттерін пайдалану кезінде қорлағаны, көрінеу жалған ақпарат таратқаны және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Бірінші эпизод бойынша «М» Алматы қаласында тіркелмеген партияның рұқсат етілмеген митингісінде сөз сөйлеп, құқық қорғау органдарының қалыпты қызметін бұзып, қоғамдық тәртіпті күзетіп тұрған полицияны ел алдында балағаттаған.
Екінші эпизод бойынша «М» бұқаралық ақпарат құралдарды мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, азаматтарды тіркелмеген партия қатарына қосылуға және оппозициялық ортада ойдан шығарылған мансаптық өсуге қол жеткізуге итермелеп, несиелік жүктемесіне байланысты әлеуметтік шиеленісті пайдаланып, қоғамдық санаға манипуляция жасап, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен несиеге рақымшылық жасалатыны туралы жалған ақпаратты таратып, халықты банктер мен микроқаржы мекемелеріне несиелерін есептету үшін арыз жазуға итермелеген.
Үшінші эпизод бойынша «М» тіркелмеген партиямен 04.01.2022 жылы елдегі әлеуметтік шиеленісті пайдалана отырып, Алматы қаласының «Алматы арена» мұз сарайының жанында заңсыз митинг ұйымдастырып, ҚР-дағы билікті ауыстыру қажеттілігі туралы пікірді қалыптастырып, халықты митингіге қатысуға шақырды. Сондай-ақ Алматы қаласының аумағында зорлық-зомбылықпен, погромдармен, өртеумен, қиратумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын қолданумен қатар жүретін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсеткен», — делінеді соттың таратқан хабарламасында.
Сот үкім шығару кезінде сотталушының асырауында үш кішкентай баласының болуын және оған қатысты жеке сипаттамалардың оң көрсеткіш көрсеткенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот шешімімен М. кінәлі деп танылды. Бұл ретте билік өкілдерін қорлағаны үшін – ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты іс жүргізу тоқтатылды. ҚК-нің 63-бабы негізінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды – шартты түрде, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға айырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі.