«Ешқашан өкінген емеспін»: 15 жасында отау құрған жетісайлық ерлі-зайыптылар жайлы не білеміз (видео)

0

Жетісай қаласының тұрғындары Ермек Әмір мен Ардақ Рүстемқызы 15 жасында шаңырақ көтерген. Бүгінде 24 жасқа қадам басқан олар төрт бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды «Жаңа қадам» бағдарламасына сілтеме жасаған Kznews.kz тілшісі.

Ермектің айтуынша, мұндай ерте жаста үйлену немесе үйленбеу туралы шешімді әркім өзі қабылдайды. «Ерте үйленуге қатысты әркімнің өз ойы бар. Ең бастысы, үйленер кезде жұбайыңыздың да ойы бір жерден шыққаны дұрыс. Егер өз отбасыларына сенімді болса, ажырасу болмайды. Ал ұрыс-керіс ол әр үйде болатын нәрсе. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осындай сәтте бір адам кішірейе салса болғаны», — дейді Ермек.

Ерлі-зайыптылардың ерте үйленуіне алғашында ата-аналары қарсылық танытқан. «Иә, қарсылық болды. Десе де, мен ерте тұрмыс құрғаныма ешқашан өкінген емеспін. Төрт баламыз бар. Үлкен ұлым екінші сыныпта оқып жатыр. Кіші балам екі жаста. Тұрмысқа шыққан соң бір ай өткенде 16 жасқа толдым. Тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түсіп, екінші курста оқып жүргенде өмірлік жарыма тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, барлығы жақсы», — дейді Ардақ.