Қазақстан халқының саны былтырғы жылмен салыстырғанда 261 мыңнан аса адамға өскен
Еліміздің Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқы санының өсімі туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 765 004 мың адам болған. Оның ішінде қалалықтар – 12 208,2 мың адам болса, ауыл халқы – 7 556,7 мың адам. «Табиғи өсім есебінен халық саны 268 791 адамға өскен, көші-қон арасындағы айырмашылық – 6 946 адам. 2022 жыл басымен салыстырғанда халық саны 261 845 адамға өскен», – делінген хабарламада. Еске салсақ, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамдау департаментінің сарапшылары еліміздегі туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам жасаған болатын. Мамандар 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 27 миллионнан асуы мүмкін екенін айтқан еді.