Министрлердің өзі елде емделмейді – Бану Дәулетбаева

0

Журналист Бану Дәулетбаева Facebook парақшасына денсаулық министрінің “жүйесіз жұмысы” туралы жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Жолдастар,мынау болмады. Осы денсаулық министрі неге жүйелі жұмыс істемейді?  Бір жерің ауырса емханаға барасың. Учаскелік дәрігерге жазыласың. Жазылу үшін кезеккке тұрасың. Таңертең баруым мүмкін, бірақ ол учаскелік дәрігер түстен кейін істейді. Жақсы, жазылып, түстен кейін тағы бір барасың. Барғанда сенің сұрағыңды ол шеше алмайды, асқазан дейік мысалы. Ол саған гастроэнтрологқа жолдама береді. Ол гастроэнтролог басқа бір мекемеде, оған да барып немесе хабарласып жазылуың керек. Асқазаның түйнеп өлтіріп бара жатса да, оған тек дүйсенбі күні сағат 15-ке жазуы мүмкін. Жарайды, дүйсенбі де болды, оған бардың, әупірімдеп жүріп кірген соң ол саған шлангімен тексеретін бірдеңеге жібереді. Оған қайтадан әлгі учаскелік дәрігерден барып жолдама әкелу керек. Оған тағы жазылып кіресің, ол енді ертең түске дейін істейді. Жақсы, ертесі түстен кейінге жазылып кетіп, ертесі түстен кейін барып әлгіге жолдама аласың. Сосын ол сені тағы келесі дүйсенбіге жазады. Келесі дүйсенбіде барып, шлангісін жұтасың. Сосын оның қорытындысын алып гастроэнрологқа қайта барасың. Бірақ оған жолдама керек қой, жолдамасыз ол сені өлсе де кіргізбейді ғой. Жарайды, құрсын, ақыры бастадық, енді барып жолдама әкеле салайық. Учаскелік дәрігерге барасың, бірақ оған алдын ала жазылу керек. Ол ертең түске дейін істейді. Ертең түске дейінге жазылып тағы кетесің. Ертең түске дейінкеліп қырғын кезекпен бірдеңе ғып кіресің де, жолдаманы аласың. Бірақ ол тағы келесі сейсенбіде ғана қабылдай алады. Жақсы, сейсенбі де алыс емес, өтіп жатқан өмір ғой. Сейсенбі де келеді, сосын сен әлгі қорытындыны алып кіресің. Сосын ол саған «Сізге бауырыңызды тексерту керек екен» десе …. Құй жыла, құй жылама! Бәрін басынан бастайсың!”,- деп жазды ол.

Оның айтуынша министрлердің өзі елде емдемейді.

“Сол учаскелік дәрігердің не қажеті бар? Мен асқазаным ауырып тұр, гастроэнтрологке баруым керек екенін білем ғой. Мына ЦИФРЛЫ қоғамда мен нағып жүрмін, мен кіммін осы?

Кешке дейін мәдениет министр мен білім-ғылым, оқу-ағарту министрі туралы айта бермей, бір уақ денсаулық министрін өсектейікші. Ең болмаса адамға өсекотерапия көмектесетін шығар???

Министрлердің өзі, балалары біздің елде емделмейді, оқымайды. Осы «Цифрлы Қазақстан» деп алаулатып-жалаулатып жататын еді ғой, осы қызметтің ең болмаса кейбіреуін онлайн жасай алатын етсе не болады?”, деп жазды ол.