» $15,000 береміз!»: Қазақстандық миллиардер экологиялық акция жариялады
Қазақстандық миллиардер Марғұлан Сейсембай экологиялық акция жариялады. Акция аясында аумақты қоқыстан тазалау, экологияны қорғау сынды бөлімдер бар. Бизнесмен аталған акцияға 15,000 АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлетінін айтты.
«Достар, бүгін мен сіздерге «Где мы, там лучше!» атты экологиялық акциямыз туралы қуана хабарлаймын!
Біздің Margulan.info білім беру платформасының аясында көптеген багги-турлар мен экспедициялар өткізетініміз бәріңізге мәлім. Әр сапарға шыққан сайын барлық жерден көретініміз сол баяғы қоқыс, табиғаттың күтімсіз жайы және оған деген варварлық қатынас.
Біздің турларымыз едәуір қымбат тұрады. Осыдан келіп, біз мынадай шешім шығардық: аумағында біздің турымыз не экспедициямыз өтетін аймаққа біз турдың әр қатысушысы үшін 1000$ немесе 425 000 теңге көлемінде экологиялық грант бөлеміз. Әр турымызға орта есеппен 15 адам қатысатынын ескерсек, шамамен 15 000 доллар немесе 6 млн.теңге шығады.
Экологиялық гранттар келесі шараларға жұмсалады:
⁃ Аумақты қоқыстан тазалау;
⁃ Аумақты жайластыру;
⁃ Аймақ экологиясын қорғау;
⁃ Экологияны қайта қалпына келтіру;
⁃ Табиғатты қорғауды насихаттау;
⁃ Түрлі экологиялық зерттеулер.
Барлық экобелсенділер мен еріктілерді бірлесе жұмыс жасауға шақырамыз. Турларымыз бен экспедицияларымызды өткізетін жерлердің проблемалары туралы жазыңыздар.
Ал біз әзірге алғашқы төрт экологиялық тендерді жариялаймыз:
- Алматы облысы Райымбек ауданы Тұзкөл көлінің жағалауын қоқыстан тазалау.
- Алматы облысы Райымбек ауданы Текес сарқырамасындағы жаяу жүргіншілерге арналған ағаш жолдардың/төсеніштердің құрылысы.
- Маңғыстау облысы Қарақиян ауданы Тоқмақ мүйісін қоқыстан тазалау.
- Багги турлардың экологияға және топыраққа әсерін зерттеу.
Барлық сұрақтар бойынша мына е-mail-ге жазыңыз: m.seissembai.request@gmail.com» деп жазды бизнесмен өз парақшасында.