«Көз тимесе екен». Jah Khalib тығылып үйленіп алған
Қазақстандық рэп орындаушы, әнші және продюсер Jah Khalib «Мудрец» атты альбомына EР (ағылш. Extended Play) шығарды. Ол туындыға ең романтикалық жұмыс деген баға берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шағын альбомға отбасылық құндылықтар және ерекше махаббат туралы алты жаңа ән кірді. The Flow порталы плейлисттегі алғашқы «Я не прощу» әнінде Бақтияр Мамедовке (орындаушының шын аты) жұбайы қосылып ән айтқанын хабарлады. Олар 2020 жылдың жазында үйленген. Бірақ қазақстандық әнші оны құпия қалдыруды жөн көрген. Бұл шығарылым — олардың қарым-қатынасы туралы.
Apple Music-ке берген сұхбатында әнші 2020 жыл өте нәтижелі болғанын атап өтті.
«Мен жылды студияда өткіздім, өз бетінше білім алып, музыкалық және студиялық жұмыста шеберлігімді арттырдым. Отбасын құрдым. Бізде бәрі жақсы, сондықтан көз тимесе екен», — деп бөлісті ол.