Халық пен салық арасындағы алтын көпір
Халық арасында салық төлеуге қатысты түйткілді сұрақтар үнемі туындап жатады. Кішігірім мәселенің өзі қарапайым тұрғындар үшін үлкен түсінбеушілікке әкелетінін көріп жүрміз. Осыны ескерген Мемлекеттік кірістер комитеті таяуда «WhatsApp» мессенджері арқылы сұрақ қоюға мүмкіндік жасады.
2018 жылдың 19 қарашасынан бастап іске қосылған бұл қызмет арқылы салықтың есептелуі, төленуі жөнінде және жер, мүлік, көлік салықтары бойынша жауап алуға мүмкіндік бар. Оған қоса, 2018 жылдың 22 қарашасынан бастап Мемлекеттік кірістер комитетінің өңірлік департаменттері де жеке «WhatsApp» мессенджерін іске қосты.
Комитет қызметкерлерінің айтуынша, халық пен салық арасындағы алтын көпірге айналған бұл жүйеге тұрғындар айрықша ықылас танытып, бір аптаға ішінде 1200-ден астам сұрақ қойылыпты. Мұның 90 пайызына лезде жауап қайтарылса, қалғандары өңірлік департаменттердің жіті қадағалауына алынды.
Осы қадам арқылы Мемлекеттік кірістер комитетінің, аумақтық кірістер департаменттерінің тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы артып, тұтынушылардың, жеке тұлғалардың салық төлеуде жолыққан түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуіне үлкен мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар елімізде салық төлеу мәдениетін қалыптастырып, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік жасайды.
Жүйенің қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін тұтынушы ретіне өзіміз түсінбей жүрген сұрағымызды қойған едік. «Төлеуге тиісті салықтарды уақытында төлеп келемін. Алайда менде берешек қалып қойып, кейін әуреге түсіп жүрмеймін бе? Салық төлеген түбіртектерді 5-6 жылдан бері сақтап келемін. Мойнымда салық қарызы жоғын қалай анықтасам екен?» деген сауал жолдаған едім. Көп ұзамай мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері былай деп жауап қайтарыпты: «Комитеттің www.kgd.gov.kz сайтында және «Электрондық үкімет» порталында «Салықтық берешектің бар, жоқтығы туралы ақпарат» электронды жүйесі арқылы онлайн режімде ЖСН бойынша салықтық берешектің бар, жоқтығы жөнінде ақпарат алуға болады».
Бұдан кейін сайтқа кіріп, төленуі тиіс салық берешегім жоқ екенін анықтадым. Әрине, осындай сұрақтарға алаңдайтындар көп. Сондықтан «WhatsApp» мессенжерінің іске қосылуы бәріміз үшін пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды цифрландыру туралы жиі айтады. Мемлекеттік кірістер комитетінің «WhatsApp» мессенджерін іске қосуы, тұрғындармен байланысты жеңілдетуі осы бағытта атқарылған игі шаруа деп айтуға толық негіз бар. Бұрын тұтынушылар салық төлеуге байланысты туындаған сұрақтарын аумақтық мемлекеттік кірістер департаментіне, қатысты орындарға арнайы барып немесе хат жазып жауап алатын. Бұған көп уақыт кететін еді. Ал «WhatsApp» арқылы тұрғындар жол шығыны мен уақытын үнемдейді. Қысқаша айтқанда, сұраққа жауап алудың мүмкіндігі жеңілдеді.
Анар Қоныс