«Оның алдына ешқашан ақша сұрап бармадым»: Тайжан Сейсембайдың айыптауларына жауап берді — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары елге танымал қоғам қайраткерлері Марғұлан Сейсембай мен Мұхтар Тайжанның дауын жарыса талқылауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер Марғұлан Сейсембай саясаткер Мұхтар Тайжанды «билікте отырып, көлеңкелі жолмен ақша тауып отырсың, арың шыдаса, пайда көзін жұртқа жария ет» деп айтқан болатын.
Өз кезегінде Тайжан оған жауап ретінде жазба қалдырыпты. Айтуынша, ол Сейсембайды ашық пікірталасқа шақырған. Алайда ойы жүезге аспапты. Саясаткер өзінің Сейсембайдан алған ақшасы туралы мәлімдемені жоққа шығармады. Оның сөзіне сүйенсек, Сейсембай өзі оның пияз бизнесіне араласып, ақша инвестициялаған. Алайда олардың бастамасы артынша пайда әкелмей күрйеп қалыпты.
«Марғұлан маған 2016-2017 жылдары ақша берді ме? Иә, берді. Бірақ бұл қаражат жай ғана қарыз алу болмады. Өйткені ол айтқан қомақты сома оңды-солды қолхатсыз кім-көрінге беріле бермейді. Мен Марғұланнан ешқашан қарыз алып көрмеппін. Бұл ақша оның тарапынан көрсетілген көмек болды ма? Әрине, жоқ. Бұл заманда кім біреуге үлкен ақшаны жайдан-жай беріп қоюшы еді? Бұл жолы менің Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) консалтингтік қызметіме ақша төленді. Яғни оның мекемелеріне салық режимін оңтайландыру үшін көмектестім. Өзіме тиесілі ақшаны алдым», — дейді Тайжан.
Тайжан ешқашан да Сейсембайдың алдына жалбарынып бармағанын атап өтті. Сөзінше, арада тек кәсіпкерлік байланыс болған.
«Менің балаларымның оқуы жайлы айтып кетейін. Екі егіз балаларымды бес жыл оқыту үшін шамамен 700 мың доллардай ақша кетті. Олар әлемдік ЖОО-ын бітірді. Сол себепті кеткен шығындар да көп болды», — деп қосты ол.
Бұған қоса Тайжан осыншама ақшаға саясаткер бола тұра қалай жеткенін айтып кетті.
«Мен 2003 жылдан бастап 30 жасымда кәсіпкерлікке келдім. Талдықорғанда кірпіш жасап шығарумен айналыстым. Содан кейін Халық банктан үйімді қойып несие алдым. Ол ақшаға заманауи үлгідегі еуропалық қойма аштым. Қазір ол қойма маған тиесілі емес. Ол Алматыда әлі бар. Бұл қоймада екі жыл пайда тауып, алған несиемді жауып қоймай, алғашқы миллион долларымды сол банкке депозитке салдым. Ол кезде мен 35 жаста болғанмын. 2009 жылы Алматы облысында Байсерке ауданында өндірістік қойма кешенін тұрғызуды бастадым. Алайда ортасына келгенде 2014 жылы әлдебіреулер менің бұл ісіме балта шапты. Бұл менің азамат ретінде белсенділігімінің нәтижесі деп ойлаймын. 15 миллион долларлық шығынға баттым. Содан кейін ауыл шаруашылығына бет бұрдым», — дейді саясаткер.
Сөзінше, ол өз пікірі үшін отқа күйіп үлгеріпті. Тайжан Сейсембайды тағы да халық ақшасын қалтасына басқан опасыз деп айыптап, Рамазан айы басталмай жатып жала жауып жатыр деп сөкті. Сейсембай Альянс банктегі халық ақшасы аз болғандай, енді мемлекеттің бюджетіне қол сұқты дейді ол.
«Әпкесі мен анасын сотқа берген деген сөзі туралы айтуды ұмытып кетіппін. Менің әпкем Халық банкте 11 жыл бойы лауазымды қызметте. Оны сотқа беріп көріңіз. Барлық заң актілері ашық дерек көзінде бар. Дәлеліңіз болса көрсетіңіз. Мен ешқашан да өзімінің туыстарымды сотқа берген емесіпін», — деп аяқтады сөзін Тайжан.
Еске салайық, даудың басы Марғұлан Сейсембайдың жақтастары Мұхтар Тайжанға неліктен оны қорғамайсыз деп хат жолдағаны түрткі болған. Тайжан мен ешқашан да халық ақшасын жымқырды деп айыпталған азаматты қорғай алмаймын деп қайырыпты. Бұған шыдамаған Сейсембай өзінің әріптесінің бірқатар кемшіліктерін бетіне басыпты.
stan.kz