Ұлы даланың өркениетке қосқан үлесі

0

Жиналған қауым көптен көкей­де жүрген мәселенің тамырын тап басқан тарихи маңызы зор ма­қ­­аланы болашаққа жасалған берік бағдар деп есептейді. Онда ай­тыл­ған: «Бұл – тарихқа деген дұ­рыс ұста­ным. Сол арқылы түп-та­мы­­ры­­мызды білуге, ұлттық та­ри­­­хы­мыз­ға терең үңіліп, оның күр­­меулі түйінін шешуге мүм­кін­дік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұ­тас­­тай қалпында қазіргі заманауи ғы­лым тұрғысынан қараған­да тү­с­і­­нік­ті болуға тиіс» деген жол­дар­ды мы­сал ретінде келтірген Ал­ма­т­ы қа­ласы әкімінің орынбасары Ар­­ман Қырықбаев өткен күн­ге із қал­­дыр­ған Ұлы дала өр­ке­ниетін ай­на-қатесіз танып білу, болашақ ұрпақ­тың рухани ке­мел­денуіне жол ашатынын айт­ты. Оның сөзінше, мақаланың ар­қа­лаған жү­гін, мән-маңызын терең­нен тү­сіну тамырында қан ой­на­ған әр аза­маттың парызы болуға тиіс.

Тарихымыздың кей тұстары әлі де жіті зерделеуді қажет етеді. Соны толыққанды айшық­тауы­мыз керек деген қаламгерлер, бүкіл әлем ерте заманның өзін­де-ақ өркениетке өзгеше өрне­гін салған бабаларымызды, салт-дәстүрімізді, даламыздың қа­сиетін танып білуі керек. Елба­сы мақаласы бұл бағыттағы жұмыс­тарды жүйелі жолға қоюға үлкен қозғау салады, дейді. 

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың айтуынша, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында адамзат тарихына және ұлттық тарихқа мүлде жаңа көзқарас ұсынып отыр. Әлем елдерінің барлығында да тарихи көзқарастың, мысалы, еуроцентристік немесе шығыс­қа тән көзқарас әлдеқа­шан қалып­тасқандығын ескере­тін болсақ, әлем тарихы бір ғана ұлттың тарихымен өлшенбейтіндігіне көз жеткіземіз. 

Жер бетінде көнеден келе жатқан әрбір өркениеттің өзін­дік ерекшелігі бар. Ал Ұлы дала тарихы қандай? Өркениетке қан­дай жаңалықтар әкелді? Ұлы дала­ның адамзат өркениетіндегі орны қандай? Бұл – тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көз­қарас. Яғни, жалпы адамзаттың тари­хын негізге ала отырып, өз та­рихымызға тәуелсіз көз­қарас­­пен қарауды ұсынады. Мақа­ланың бірінші бөлімінде «Ұлт тари­хын­дағы Кеңістік пен Уа­қыт» туралы айтылады. Ал осы Кеңесті­ктегі Ұлы даланың рөлі қандай, мұнда қандай өрке­ниет бар? – дегенге тоқталсақ, мұнда көшпен­ділердің атқа міну мәд­е­ниеті ғана айтылмайды. Ғалым­дары­мыз Ботай мәдениеті арқы­лы бүкіл әлемге жылқының Ұлы далада қолға үйретілгенін дә­лелдеді. Онда жүздеген ғана емес, мыңдаған жылқылардың сүйе­­гі табылды. Атқа міну мәде­­ниеті жылқыны қолға үйрету­мен ғана шектелмейді, ауыз­ды­қ­­ты, жүгенді, үзеңгіні ойлап тапқан біздің бабаларымыз. 

Мұ­ның барлығы елімізде ауыл­ шаруа­шылығы өрке­ние­тін дамыту дегенді білдіре­ді. Алатау, Қаратау, Алтайдың бау­райындағы ежелгі дәуірдегі металл қорытуға келсек, мысалы, қазақ даласынан табыл­ған Алтын адамда бейнеленген жолбарыстың бейнесі қалай көркемделген?.. Қандай өнер десеңізші?.. Алтыннан жұқал­тыр-қаптама жасау технологиясын көне ғасырдың өзінде енгізген. Ал Берелден табылған жыл­қының ертоқымындағы өр­некті тіккен жіптің неден жасал­ғаны әлі күнге дейін белгісіз. Сондай-ақ «Аң стилі» әлемдік өр­кениетке кірігіп кеткен ғылы­ми терминнің түп-тамыры тегі біздің даламызда, тауларымызда жатыр. Ұлы Жібек жолына тоқ­талатын болсақ, мұны үне­мі Қытаймен байланыстырып жа­та­мыз. Қазақстанның бар­лық аймақтарында Ұлы Жібек жолы болған. Осы тұрғы­дан алғанда Елбасы тарихи сананы қалай жаңғырту турасында үл­кен міндеттер қойып отыр. Бү­гінде көне түркі тарихы жазба ескеркіштерінің әлем ар­­хив­­­терінде жатқандығы бел­гілі. Біздер көп жағдайда Ресей архи­вімен шектеліп қаламыз. Ұлы­британия музейінің өзінде Түркі­стан қақпасының бір бөл­шегі бар деген болжам бар. Лувр му­зейін­де қазақтың сәукелесі тұр. Петерборда 12 ханның ша­па­ны мен біздің музейлерде жоқ 4 сәукеле сақталған. Ұлы да­ла есі­м­деріне келетін бол­сақ, Я­­са­уи туралы дұрыс толық­қан­ды нұс­қасы шықпады. Әл-Фара­бидің ең­бек­тері әлі де толық зерттелуі керек. Ташкентте Түркістан уәлая­­тының басылым­дары 700-ден астам томнан тұра­ды оны да әкеле алмай отырмыз. Тоны­көк, Күл­­тегін толық дала фоль­клоры игерілмей жатыр. Елба­сы мақа­ласы­ның елді­гі­міз бен тари­хымыз­ды ояту үшін үл­кен мәні бар. Осы мақала ар­қы­лы үлкен мін­дет­тер жүктеліп отыр. Осыны көп­пен бірге жүзеге асы­райық, дейді қатысушылар. 

Басқосу барысында Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арқау болған басты тақырыптардың бірі де айтылмай қалған жоқ. Жиылғандар, ең бастысы, мұны тереңнен түсініп, өмірімізге дендеп енгізуіміз керек деп есептейді.

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» ЖШС президенті:

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша қазақстандықтарға үлкен ой салып отыр деуге негіз бар. Елбасы Қазақ елі үшін ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Тарихи тамыры көне дәуірлерге кететін қазақ жұрты өзінің өркениетке қосқан үлесін мектеп қабырғасынан бас­тап меңгеруі қажет. Елбасы бір ғана атқа міну мәдениетінің өзінде қаншама Ұлы дала өркениетінің жатқандығын, көшпенділер әле­мі­­нің жетістігін көрсетеді. Ұлы дала өркениеті Ұлы дала му­зейі­­нің жарқын көрінісі. Ал Ұлы дала музейі ұлттық туризм­ді өркен­детудің қайнары. Мыса­лы, бір ғана Отырарды айтатын болсақ, аймақ тарихи нысан ретінде туристік өрісіміздің кеңеюіне жол ашатыны сөзсіз. Ұлы даланың тарихын зерттеуге үлес қосу баршамызға ортақ міндет.

Қазақбай Қасымов, 

«Ахыска» Түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:

– Ұлы дала төсінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқаны тәуел­сіз еліміздің тарихтан тағы­лымды тәлім алғанын танытса керек. Дархандығы даласымен өлшенетін, баршаны бауырына басқан қазақ – текті халық. Ел­басының көреген саясаты елдің көшін алға сүйреп келеді. Бүгінде әлем халқы санасқан арманы асқақ бәсекеге қабілетті ел болдық. Мақсатымыз бір, мұратымыз ортақ. Елбасының «2050» бағдарламасын іске асыра отырып, Мәңгілік Ел ретін­де, өркениет көшінде сал­та­­нат құратынымызға сенім мол. Аталған мақаланы осыған жету­дің берік көпірі деп есептеймін.

Арман ОКТЯБРЬ,

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ