Макрон мен Зеленский Донбастағы жағдайды талқылады

0

Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа елдеріне сапарын бастады. Ол 17 маусымда Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен келіссөз жүргізді. Олар «Норман төрттігі» жетекшілерінің кезекті кездесуіне дайындықты бастайтындарын мәлімдеді деп хабарлады француз басылымдары.

Макрон мен Зеленский екі сағатқа созылған келіссөзден соң баспасөз маслихатын өткізді. Олардың сөзінше, екеуі талқылаған басты тақырып – Украинаның шығысындағы соғысты тоқтату жайлы болған.

«Ресей халықаралық құқық жоқ деген сыңай танытып отырған кезде Еуропа өзін қауіпсіз сезіне алмайды» деп мәлімдеді Зеленский. Оның сөзінше, Донбастағы соғысты тоқтатудың жалғыз жолы – [Ресейге] дипломатиялық қысым мен санкциялар болмақ.

Макрон Францияның Украина президентін толық қолдайтынын айтты. Ол Ресеймен арадағы келіссөзге дәнекер болуға дайын екенін жеткізді.

Макрон мен Зеленский «норман төрттігі форматы» мен Минск келісіміне балама жоқ екенімен келіседі. Президент Макрон Парижде өтетін «норман төрттігі» саммитіне дейін тараптар диалог пен жаңа бастамаларға дайын екенін танытуы тиіс деп мәлімдеді.

Azattyq