«Жылап жібердім». Такси жүргізушісі әмиянды иесіне қайтару үшін 8 сағат күткен

0
Әлемде

Қысқа сілтеме алу

44 0 0

Жантебірентерлік оқиғаны әмиянның иесі айтып берді

АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Мәскеуде қырғызстандық такси жүргізушісі көлікте қалып кеткен әмиянды иесіне қайтару үшін 8 сағат күткен. Болған жағдайды әмиянның иесі Варя Кузнецова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Кузнецованың айтуынша, ол Мәскеуге таңғы сағат 5 кезінде ұшып келіп, үйіне таксимен барады. Үйге келген соң бойжеткен бірден ұйықтап қалады. Кейін түсте оянып, құжаттары мен банк карталары салынған әмиянын таксиге түсіріп алғанын түсінеді.

Бойжеткен бірден банк карталарын бұғаттамақ болады. Осы сәтте әкесі терезеден үйдің жанында тұрған такси мен оның жүргізушісін көріп, қызы айтқан адам осы болар деп болжайды.

«Далаға жүгіріп шығып, әлгі қырғызстандық такси жүргізушісін бірден таныдым. Ол мені күтіп, әр өткен адамнан мен туралы сұраған екен», — деді әмиян иесі.

Такси жүргізушісі бойжеткенге оны күтемін деп қатты тоңып қалғанын айтады.

«Мен де, ол да жылады. Оны құшақтадым. Айналамыздағылар арамызда не болып жатқанын түсінбей әлек болды. Ол, расымен де, қатты тоңып қалған екен. Бұл қараша айының ортасы және біз Мәскеудеміз. Бастапқыда ол мені такси қызметін ұйымдастыратын жеткізуші компания арқылы таппақ болады. Бұл ойы жүзеге аспағандықтан, мені үйімнің жанына келіп күткен. Оның түсте тамақ ішкеніне сенімді емеспін. Десе де, тамақтанған болар деген үміттемін», — деді бойжеткен.

Тағы оқыңыз: Астанада әжей таксиге 6 миллион теңгесін ұмытып кеткен

Сондай-ақ, ол сезімге беріліп, такси жүргізушісінің есімін сұрауды ұмытып кеткенін айтты.

«Біз оған бастапқыда мен төлеген ақшаны бес есе көбейтіп бердік. Мені күтемін деп жұмысын жалғастыра алмағаны үшін осылай жасадық. Оған деген алғысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның ата-анасы тамаша жанды тәрбиелеп өсірген», — деп қосты Кузнецова.

Ол әлеуметтік желідегі постымен бірге Қырғызстанның табиғаты бейнеленген бір суретті бөліскен. Kaktus.media басылымы бойжеткеннің осы уақытқа дейін бір рет Қырғызстанда болғаны туралы хабарды жариялады.

«Мен Бішкекке 2014 жылы бардым. Қаланы аралауға уақыт жетпегені есімде. Әдемі орталық алаңды, опера және балет театрын көрдім. Осы жағдайдан кейін тағы да Қырғызстанға барғым келеді. Бұл нағыз ғажайыптың өзі», — деді Варя.

Сөз соңында ол жазғандарының барлығы шын екенін айтты.