ка

Сауд Арабиясы Сирияның Дүниежүзілік банкке қарызын өтеуге ниетті

15.04.2025 10:29
0
51

Эр-Рияд 15 миллион доллар төлейді, бұл Дамаскке қаржылық көмек алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Сауд Арабиясы халықаралық қаржылық көмекке, атап айтқанда, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және дағдарысты бастан кешіріп отырған елдің мемлекеттік секторына қолдау көрсетуге арналған миллиондаған долларлық гранттарға қолжетімділікті ашу үшін Сирияның Дүниежүзілік банк алдындағы қарызын өтеуді көздеп отыр. Бұл туралы үш ақпарат көзіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.

Мәселе шамамен 15 млн доллар болып отыр — бұл Дүниежүзілік банк тарапынан көмек көрсету бағдарламаларын қалпына келтіру үшін қажет сома.

Егер Эр-Риядтың жоспары жүзеге асатын болса, бұл 2024 жылы бұрынғы президент Башар Асад биліктен қуылғаннан кейін Сауд Арабиясының Сирияға қаржылай қолдау көрсетуінің белгілі алғашқы оқиғасы болмақ.

Агенттік дереккөздері сондай-ақ бұл Парсы шығанағы елдерінің Сирияның жаңа билігін қолдау үдерісіне біртіндеп қосылуын танытуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұған дейін Катардың сириялық мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қаржыландыруға қатысты осындай бастамасы АҚШ-тың санкциялық саясатына қатысты белгісіздікке байланысты кейінге қалдырылған болатын.

Олай болғанымен, наурыз айында Доха энергиямен қамтамасыз етуді ішінара тұрақтандыру мақсатында Сирияға Иордания аумағы арқылы газ жеткізу жоспарын жариялады. Reuters мәліметінше, Вашингтон бұл бастамаға бейресми келісім берген.

Осы арада сириялық SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сирияның Қаржы министрі Мұхаммед Ясер Барния дүйсенбіде Дүниежүзілік банктің техникалық делегациясымен келіссөз жүргізді. Бұл — Сирияның жаңа әкімшілігі өкілдерінің халықаралық қаржы ұйымымен алғашқы ашық кездесуі.

Тараптар қаржылық-экономикалық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, соның ішінде бұзылған энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіру және мемлекеттік сектордағы еңбекақы қорын қолдау мүмкіндіктерін талқылады. Сирия Қаржы министрлігінің басшысы халықаралық санкциялар мен бұрынғы экономикалық саясаттың елдің банк жүйесіне тигізген кері әсерін де баса айтты.

Хабарланғандай, Сирия делегациясы Дамаскіде билік ауысқан сәттен бастап алғаш рет Дүниежүзілік банк пен ХВҚ көктемгі сессияларына қатысу үшін Вашингтонға баруға дайындалып жатыр. Делегацияның америкалық шенеуніктермен кездесу өткізбейтіні күтіліп отыр, алайда оның қатысуының өзі маңызды оқиға ретінде қарастырылады.

Ішінара гуманитарлық көмек көрсетілсе де, Асад билігі кезінде Сирияға салынған санкциялардың көпшілігі күшінде қалды. Өткен айда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі сириялық тарапқа шарттардың тізбесін тапсырды, олардың орындалуы шектеулерді ішінара жеңілдетуге әкелуі мүмкін.

Еске сала кетсек, БАӘ мен Сирия президенттері екіжақты байланысты нығайту мәселесін талқылады. 

Бұған дейін қазақстандық бітімгерлер Сириядан елге оралғанын жазған болатынбыз. 

 

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий