Төрт қытайлық студент АҚШ үкіметін сотқа берді

АҚШ-тағы төрт қытайлық студент Дональд Трамп әкімшілігін сотқа берді. Олар АҚШ үкіметінің шетелдік студенттерге қатысты визаны жаппай жою әрекетін заңсыз деп танып, оны тоқтатуды және студенттік мәртебені қалпына келтіруді талап етіп отыр. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.
Осы аптада Калифорния университеті (Беркли), Карнеги-Меллон университеті және басқа да беделді оқу орындарында оқитын төрт қытайлық студент Калифорнияның федералдық округтік сотына шағым түсірді.
Олардың мәлімдеуінше, АҚШ билігі «ұлттық қауіпсіздік» деген нақты емес себеппен жүздеген студенттің визасын жойып, бұл туралы не студенттерге, не университеттерге ескертпеген. Виза жойылған студенттердің көпшілігі Қытайдан келген.
Адвокат Жу Кэлянның айтуынша, АҚШ мемлекеттік департаменті 2024 жылы 88 оқу орнынан кемінде 529 студент пен зерттеушінің визасын жойған. Жу Кэлянның өзі бұған дейін де Трамп әкімшілігіне қарсы бірқатар істерге қатысып, 2020 жылы WeChat қолдануға тыйым салуды тоқтатқан іс бойынша жеңіске жеткен.
Шағымда АҚШ үкіметі Конституцияны және әкімшілік іс жүргізу ережелерін бұзды деп көрсетілген. Өйткені студенттерге ешқандай ескерту, тыңдалым немесе ресми дәлелдер ұсынылмаған. Кейбір жағдайларда көші-қон органдары бірнеше жыл бұрынғы жол ережесін бұзу немесе тұрмыстық дау негізінде визаны жойған.
Адвокаттың айтуынша, бұл әрекеттер тек заңсыз ғана емес, сонымен қатар қытайлық студенттерге қатысты кемсітушілік сипатта жасалған.
Төрт студент соттан уақытша тоқтату туралы бұйрық (TRO) шығаруды сұрады. Егер сот бұл өтінішті қанағаттандырса, жойылған визалардың күшін уақытша қалпына келтіру мүмкін болады.
Айта кетейік, соңғы айларда АҚШ-та халықаралық студенттердің SEVIS тіркеуі жаппай жойылып жатыр, бұл олардың заңды мәртебесін жоғалтуына алып келеді. Егер олар елден шықпаса, болашақта жаңа виза алу қиынға соғуы мүмкін.
Жақында осындай жағдайға ұшыраған Дартмут колледжінің докторанты Лю Сяотян да сотқа жүгініп, визасын уақытша қалпына келтіруге қол жеткізді.
Бұған дейін АҚШ-та шетел азаматтарына қандай визалар берілетінін жазған болатынбыз.