«Кетчуп пен нан деген қараңғы қазақтарға арналады»: Димаштың өнерін келекеге айналдырғандар сынға қалды (видео)

Осыған байланысты TikTok қолданушыларының бірі өз пікірін білдірді.
"Кетчуп пен нан" деген секілді жазбалар – кейбір қарапайым халықтың терең мағынадағы өнерді түсінбеуінен туған дүниелер. Димаштың "The Story of One Sky" әні – балалар өліміне қарсы жазылған, мағыналы туынды. Өкінішке қарай, кейбіреулер бұл әннің шынайы мәнін түсінбей, оны күлкіге айналдырып отыр. Байқауымша, мұндай жазбалардың авторларының көпшілігі – мектеп жасындағы жастар.
Димаш елімізде әрдайым лайықты бағасын ала бермеген. Бұрындары оның ерекше дауысын түсінбей, "шыңғыру" деп бағалағандар да болды. Осыдан кейін ол сахнадан кетуге шешім қабылдап, ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Алайда, жақындарының қолдауымен қайта оралып, өзін әлемдік деңгейде дәлелдеді. Қытайда өткен байқауда үлкен жетістікке жетіп, бүкіл дүниежүзі оның өнеріне тәнті болды. Сол кезде ғана ел ішінде "біздің Димаш" деген мақтаныш сезімі ояна бастады. Байқау кезінде айтқан әні 300-400 миллион қаралым жинап, үлкен резонанс тудырды.
Одан бөлек, Димаштың Америкада өткен концертінде зал толы болғанын, оның әлемнің 150-ден астам елінде жанкүйерлері бар екенін, танымал актер Джеки Чанның онымен кездесуді армандағанын және шетелдік тыңдармандар оның дауысын періштеге теңегенін атап өтті. Осыған қарамастан, кей қазақтардың немқұрайлығы көңіл қынжылтады.
"Ол қазақша ән айтпайды" дейтіндер бар. Бірақ шетелдіктердің өзі оның "Ұмытылмас күн" әнін жатқа біледі. Димаш — ерекше құбылыс. Оны Қайрат Нұртас сияқты той әншілерімен салыстыру орынсыз. Біздің кейбір отандастарымыздың талғамы, өкінішке қарай, әлі де үстірт. Димаш әлемдік сахналарды бағындырып жүргенде, өз ішіміздегі сын мен бейқам көзқарастар оны қолдаудың орнына кедергі келтіріп отыр. Қолдау білдіре алмасаңдар да, тым болмаса кедергі жасамаңдар", – деп түйіндеді ол.