ка

Ғашықтар күні: Қазақстандықтар неше жаста отбасын құрады

15.04.2025 10:25
0
57

Ел арасында 15 сәуір — «Қозы Көрпеш — Баян сұлу күні» деп аталып жүргеніне біраз жыл болды. Бұл күн бастапқыда «Валентин күніне» балама ретінде ұсынылғанымен, уақыт өте келе бейресми махаббат мерекесіне айналды. Осы орайда, Қазақстан экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешова ел азаматтары неше жаста отбасын құратынын зерттеп көріпті.

Сарапшының айтуынша, неке-отбасы қатынастары — халықтың ұдайы өсуінің негізгі факторы саналады. Ал некенің аз қиылуы, алғашқы неке жасының ұлғаюы, азаматтық некенің және еркін қарым-қатынастардың кең таралуы Еуропа елдерінде бала туу деңгейін төмендеткен.

− Қазақстанда да некеге тұру тенденциялары өзгеріп келеді. Алғаш рет неке қиғандар азайып, ажырасқандар арасындағы қайта некеге тұрғандар үлесі артқан. Соңғы бес жылда (2020–2024 жылдары) алғаш рет үйленген жігіттер үлесі 83,5%-дан 78,1%-ға дейін, алғаш рет тұрмысқа шыққан қалыңдықтардың үлесі 85%-дан 79,1%-ға дейін төмендеген. Ал ажырасқаннан кейін қайта үйленген ер азаматтар — 15,4%-дан 20,8%-ға, әйелдер — 13,5%-дан 19,4%-ға дейін артқан, − дейді зерттеуші.

Бұл үрдіс жасы ұлғайған адамдар арасында үйленушілер санының артуына ықпал етуі мүмкін. Жалпы ел бойынша анағұрлым ересек жаста некеге тұрушылар саны артқан. Соңғы бес жылда 35–44 жас аралығында некеге тұрған ерлер үлесі 10,9%-дан 14,7%-ға, 45–54 жас аралығындағы ерлер — 3,6%-дан 5,4%-ға дейін өсті. Әйелдер арасында 35–44 жаста тұрмыс құрғандар — 8,5%-дан 12,3%-ға, 45–54 жаста шаңырақ көтергендер — 2,5%-дан 4,4%-ға дейін артқан.

Алғаш рет неке қиғандардың да орташа жасы артып келеді. 2020 жылы алғаш үйленген күйеу жігіттердің орташа жасы 27,5 жас болса, 2024 жылы 27,9 жасқа дейін өскен, ал қалыңдықтардың жасы 24,8 жастан 25,2 жасқа дейін өсті.

Қалалық күйеу жігіттердің орташа жасы 27,5-тен 28,1 жасқа дейін, ауылдықтардың жасы — 27,3-тен 27,5 жасқа дейін көтерілген. Қалыңдықтардың орташа жасы 24,8-ден 25,2 жасқа дейін өсті, ал қалалық қалыңдықтар — 25,2-ден 25,7 жасқа дейін, ауылдықтар — 24-тен 24,3 жасқа дейін кешірек тұрмыс құратын болған.

Аймақтарға бөліп қарасақ, ең кеш отау құратындар — солтүстік өңірлердің ер азаматтары, сондай-ақ мегаполистер мен Шығыс Қазақстан облысында тұратын қыздар.

2024 жылғы дерек бойынша алғаш рет некеге тұрған күйеу жігіттердің орташа жасы Шығыс Қазақстан облысында — 29,5 жас, Солтүстік Қазақстан облысында — 29,1 жас, Қостанай облысында — 28,9 жас. Қалыңдықтар ішінде орташа жас Шығыс Қазақстан облысында — 27, Алматы қаласында — 26,5 және Астана қаласында — 26,4 жас болды.
Салыстырмалы түрде оңтүстік және батыс өңірлерде жастар алғашқы некесін ерте қияды. Маңғыстау, Атырау және Түркістан облыстарының ер азаматтары отбасын орта есеппен 27 жасқа дейін құруға тырысады. Түркістан облысының әйелдері 23 жасқа дейін, ал Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының әйелдері 24 жасқа дейін тұрмыс құруды жөн көреді.

− 2021 жылғы халық санағының нәтижесі бойынша, 4 067 682 ер адам некеде екенін көрсеткен, олардың 9,7%-ының (392 989 адам) некесі заңды тіркелмеген. 4 180 934 әйел некесі барын айтқан, олардың 11%-ы (460 177 адам) некені ресми тіркемеген. Неке-отбасы қатынастардың өзгеруі туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Сондықтан халықтың некеге тұру тәртібін жүйелі зерттеу — елдегі туу деңгейін болжаудың маңызды құрамдас бөлігі саналады, − деді Ш. Төлешова.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда елімізде ажырасу саны 7,5 мыңға төмендеді. Соңғы 25 жылда Қазақстанда ең көп неке 2013 жылы қиылып, сол уақытта 168 447 жұп шаңырақ көтерді. Көрсеткішке пандемия да әсерін тигізбей қоймапты. Айталық, 2020 жылы — 128 839, ал 2021 жылы — 140 256 неке қиылған екен. Демек, көптеген жұп вирус «сынағынан» шыңдалып шығып, шаңырақ көтеру шешімін қабылдаған. Карантин адамдарды «біріктіре» түскендігін өзге де статистикалық деректерден байқауға болады: 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 40 мың бала көп дүниеге келді. Соңғы 3 жыл қатарынан Астана Қазақстан қалалары ішінде ең көп неке қиылатын шаһар атағын ешкімге бермей келе жатыр.

 

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий