Нұр-Сұлтан соты журналист Глушковаға айыппұл салды

0

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Әсия Досжанова «Настоящее время» арнасының журналисі Светлана Глушкованы сот әкімшілік кодекстің ұрып-соғу бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 айлық есептік көрсеткіш шамасында — 25 250 теңге (66 доллар) айыппұл салды.

Глушкова 22 наурызда астанадағы митингіден хабар таратып жүргенде ұсталған. Оған әуелде тағылған «бұзақылық» айыбы кейін «ұрып-соғу» болып өзгерді.

31 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы әуежайда ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде «ұрды» деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан. Глушкованы әуежайда төрт сағат ұстаған соң полиция оған 1 сәуірде сотқа шақырту берген.

Ұрып-соғу бабымен үстінен іс қозғалған журналист Глушкованың соты кеше, 1 сәуірде басталған. Судья Досжанова Глушкованың үстінен шағым түсірген жәбірленушінің «кәмелет жасына толмағанын» айтып, сот залында отырған БАҚ құралдарын шығарып жіберген. Мұнан соң Глушкова судьяға сенімсіздік білдіріп, бас тартқан.

(Толықтырылады.)

Azattyq