Бекен Ыбырайым | өмірбаяны
Бекен Ыбырайым 1950 жылы 10 наурызда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Октябрь кеңшарында (қазіргі Байбосын ауылы) дүниеге келген.
Орта мектепті бітірген соң ауылда жұмысшы болды.
1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1973–1974 жж. облыстық «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер, 1974–1977 жж. Қазақ КСР мемлекеттік Кітап палатасында редактор, аға редактор, 1977 жылдан 1982 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газетінде меншікті тілші болды. Осы жылы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясына шақырылып, аға редакторлық қызмет атқарды.
1987 жылдан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында алғаш кіші ғылыми қызметкер, содан кейін аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директордың міндетін атқарушы болады.
1990 жылы кандидаттық, 1998 жылы докторлық диссертация қорғады. «Көгершін» журналының ұйымдастырушысы әрі Бас редакторы.
Тұңғыш рецензиясы «Қазақ әдебиеті» газетінде 1973 жылы жарық көрді. Содан бері көптеген сыни, ғылыми еңбектері, әдеби шығармалары өз республикамызда, жекелеген туындылары шет елдерде (Ресей, Германия) басылды. Шығармалары 1976 жылы Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті бірлесіп жариялаған конкурста, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті және «Жалын» журналы өткізген дәстүрлі республикалық жабық әдеби конкурста (1989) жүлдеге ие болған.
Бердақ өлеңдерін, жекелеген шетел жазушыларының әңгімелерін, ғалымдардың ғылыми еңбектерін, қырғыз, ноғай, татар, тува халықтарының фольклор үлгілерін қазақшалаған.
Шығармалары: Таң шапағы. Өлеңдер. 1977; Көркемдік көкжиегі. Әдеби сын. 1981; Жаз күндері. Повесть, әңгімелер. 1984; Ой мен сөз. Әдеби сын. 1985; Жұмбақ із. Повесть және әңгімелер. 1988; Арша. Повесть, әңгімелер. 1989; Саян. Повесть. 1992; Сырлы әлем. Монография. 1997; «SOS» с того света. Рассказы. 2000; Қазақ поэзиясы. 2001; Қазақ әдебиеті. 11-сыныпқа арналған оқулық. 2002; Қазақ әдебиеті. 11-сыныпқа арналған хрестоматия. 2002; Сәбит Мұқанов. 2001; Қасым Аманжолов. Оқу құралы. 2007; Отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы. 2007; Қазақ әдебиеті. 11-сыныпқа арналған оқулық. 2007; Қазақ әдебиеті. 11-сыныпқа арналған хрестоматия. 2007; Қазақ әдебиетінің тарихы. («20-жылдардағы қазақ лирикасы», «Отызыншы жылдардағы қазақ лирикасы мен поэмалары», «Қасым Аманжолов», «Сырбай Мәуленов» бөлімдері) 2004.