КСРО Халық әртісі, қазақ киносы мен театрының абызы атанған Асанәлі Әшімовтің қызы Сағина Әшімова әкесі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Бүгін әкемнің артында қалған естеліктерді ақтарып отырып, архивте сақталған газеттерді қайта қарадым. "Экспресс К", "Жас Алаш", "Алматы Ақшамы" беттеріндегі сол бір сәттер жүрекке сағыныш ұялатады. Аңсап, естелік суреттерді ашып, өткен күндерді еске алып отырмын. Әкемнің ізі, оның өмір жолы осы парақтарда қалғандай сезіледі", – деп жазды Сағина Әшімова.
Асанәлі Әшімов – кеңестік және қазақстандық кино мен театр өнерінің ең ірі тұлғаларының бірі, ұлттық мәдениеттің символына айналған өнер иесі. Ол актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік және педагогикалық қызметі арқылы да қазақ өнерінің дамуына орасан үлес қосты. Асанәлі Әшімов 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген.
Өнер майталманының шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының қалыптасу және кемелдену тарихымен тығыз өрілді. Ол сахна мен экранда терең психологиялық, тағдырлы бейнелерді сомдап, бірнеше буын көрерменнің ықыласына бөленді. Әшімов қалыптастырған актерлік мектеп шынайылыққа, ішкі драматизм мен көркемдік дәлдікке негізделген ерекше құбылыс ретінде бағаланады.