Әлеуметтік желілерде Қазақстанның «жаңа төлқұжаты» деп көрсетілген эскиз таралып, қоғамда қызу талқылау тудырды. Құжаттың сыртқы келбеті Оңтүстік Корея паспортына ұқсас деген пікірлер айтылып, бұл мәселе көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған ақпаратқа Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді.
Желіде жарияланған дизайнға қатысты пікірлер екіге жарылды. Бір топ қолданушы эскизді заманауи әрі ықшам деп бағаласа, басым бөлігі қазіргі көгілдір түсті қазақстандық төлқұжатты өзгеріссіз қалдыруды қолдайтынын білдірді. Олардың айтуынша, қолданыстағы төлқұжат өзге елдердің құжаттарынан айқын ерекшеленіп, Қазақстанмен бірден ассоциацияланады.
«Шетелде бұл төлқұжат жиі көзге түседі», «Көгілдір түс пен ірі елтаңба – біздің басты ерекшелігіміз», – деп жазды желі қолданушылары.
Сонымен қатар кейбір азаматтар тараған суреттердің ІІМ тарапынан ресми түрде жарияланбағанына назар аударып, олардың бекітілген жаңа дизайнға қатысы жоқ екенін алға тартты.
Ішкі істер министрлігі бұл пікірді растады. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде тараған эскиздер Қазақстан азаматтарының жаңа төлқұжатының ресми нұсқасы болып саналмайды. Алайда қазіргі таңда жаңа дизайнды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Министрлік төлқұжаттың жаңа үлгісін дайындау барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) талаптарына сай қосымша қорғаныс элементтері мен заманауи технологиялар енгізілетінін атап өтті. Негізгі басымдық қауіпсіздікке және халықаралық стандарттарға сәйкестікке берілмек, ал қоғамдық пікір белгіленген тәртіпке сәйкес ескерілуі мүмкін.