Түркістан облысында әкім орынбасарын атып кеткендер сот залынан босатылды
Қылмыстық іске қатысы бар деген төрт азаматтың біреуіне бір жыл, қалған үшеуіне бір жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілді
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Түркістан облысында Төлеби ауданы әкімінің орынбасарын атып кеткендерге үкім шықты.
Қылмыстық іске қатысы бар деген төрт азаматқа сот рақымшылық танытып, бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Амалбаевқа бір жыл, қалған үш айыпталушыға бір жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілді, деп хабарлады otyrar.kz.
Төле би аудандық сотының төрағасы мұндай шешім шығаруға жәбірленуші тараптың кешірім беруі мен айыпталушылардың жастығы себеп болды дейді.
Қылмыстық іс әуелі «адам өлтіруге оқталу» бабымен қозғалған. Кейін ол қайта өзгеріп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары «қару-жарақты заңсыз иемдену немесе алып жүру» бабы бойынша қайта жалғасты.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдіктілер Рабиға Бейсебаеваға тапа-тал түсте бас салған. Қаскөйлер бірінші шенеунік әйел мен оның жүргізушісін ұрып-соғып, кейін олар әл бермеген соң оқ атқан. Ақырында әкім орынбасары басынан жарақат алып, ауруханаға түскен еді.
Күдіктілердің адвокаттарының айтуынша, Рабиға Бейсебаева ұсталғандардың бірінің шешесіне қомақты ақша бережақ болыпты.
sputniknews.kz