Аңның айбары, құстың киесі жоғалмаса игі

0

 Шыны керек, бүгінде демалу, көңіл көтеру деген нәрсені желеу етіп, оны әуесқойлыққа ұластыру арқылы заңсыз аң мен құсты ату жиілеп отыр. Аң аулау, құс ату дегеннің өзі де күнкөрістің бір тү­ріне айналып кеткендей. Мұның салдарынан елімізде аң-құстардың сиреуі, тал-дарақтың азаюы сияқты сипаты сүреңсіз экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін. Мұндай заңсыздық табиғаты бай саналатын Жамбыл өңірінде де орын алуда. Бұл дегеніңіз әркім өзінің елі мен жері алдындағы жауапкершілігін дұрыс сезіне алмаудан, қарақан бастың қамын күйттеуден аспаудан туындайтын нәрсе сияқты. Мәселен, Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өткен жылдың 11 айының қорытын­дысы бойынша 1376 рейдтік тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 334 заң бұзу­шылық анықталыпты. Мұның өзі табиғат байлығына едәуір зиян келді деген сөз. Мұн­­дайда аңның айбары, құстың киесі жо­ға­лып кету қаупінің туындайтыны тағы рас.

Аталған басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақовтың айтуынша, тиісті заң бұзушылықтарға хаттамалар толтырылып, соның есебінде азаматтарға 3,084 миллион теңге айыппұл салынған. «Сондай-ақ, ұсталғандардың ішінде 8 азаматтың ісі сотта қаралып, 4 азаматқа 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», дейді бас­қарма басшысының орынбасары.

Жамбыл облысында жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайтын орман қоры алқабы бар. Оның 2,3 миллион гектары орманды жерлер болып саналады. Алайда табиғаттың осынау ен байлығын қорғаудың орнына, қорлаудың өзі ешбір қисынға келмейді. Ал сол орманды алқап­тарда тіршілік кешіп жүрген талай аң мен құстың өзі табиғаттың көркі екені ес­тен шығып кеткендей. Егер әрбір азамат туған жерге деген тұлғалық танымын арт­тыра алмаса, бұл көрсеткіштің көңіл көн­шітпейтін көрінісі жылдан-жылға жалғаса беруі мүмкін.

Былтырғы жылы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсы­р­­ма­­сы­мен облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу бас­қар­масының жанынан «Мамандан­дырыл­ған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесі құрылған бо­­латын. Сонымен қатар облыстық әкім­­дік тарапынан өткен жылдың мау­сым айында жануарлар дүниесін, табиғатын сақтау және көбейту туралы арнайы декларация да қабылданған еді. Аталған құжатта «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерді, олардың тамырларын және гүлдерді пайдаланбауды, сондай-ақ, тыйым салынған жерлерде немесе әуесқойлық мақсатта аң-құс аулауға бол­майтындығы жөнінде айтылған. Өкі­ніштісі сол, келтірілген мәліметтер нәти­жесінде әуесқойлық мақсатта аң мен құс аулау әлі де тыйылмай тұр.

Өңірде жаңадан құрылған «Мамандан­дырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің директоры Кенжебек Абайдың айтуынша, мекеме тарапынан бүгінгі күнге дейін 11 рейд жүргізіліп, нәтижесінде 22 заң бұ­зушылық дерегі анықталған. Со­­­­ны­­­мен қатар аң-құстарды қорғау ісі бойынша 21 оқиға анықталып,

1 875 900 теңге айыппұл салынған екен. Мекеме басшысы өз сөзінде өткен жылдың қараша айының басында Мойынқұм ауданының аумағындағы ерекше қорғала­тын табиғи «Андасай» қаумалында заңды белшесінен басып, аңшылық жасаған төрт бірдей азаматтың ұсталғанын да айтты. «Бүгінде олардың ісі Мойынқұм аудандық сотына жолданып, сот шешімімен заң бұзушылардың суық қарулары мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ заң бо­йынша олардың әрқайсысына 168 350 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Осындай заң бұзушылыққа жол бергендердің қатарында Мойынқұм аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы да бар. Оның 1 ұңғылы МР-155 маркалы қаруы мемлекетке өткізіліп, өзі 2 жылға дейін аң аулау құқығынан айырылды», дейді мекеме директоры Кенжебек Абай. Мемлекеттік қызметшінің өзі осылай жасап жүргенде, басқалардан не күтуге болатынын айтудың өзі қиын.

Жамбыл өңірінің табиғаты ежелден бай әрі көрікті. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен құстар және өсімдіктер де көптеп кездеседі. Енді әрбір азамат жергілікті әкімдіктің бастамасына қолдау білдіріп, табиғатты қорғауға бірге атсалысса, өңірдің бұдан да өркен жайып, өрлей беретіні анық.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/