«Мен өзімді қорғадым»: Адам өліміне әкелген төбелес үшін айыпталған қазақстандық босап шықты (ВИДЕО)

0

Қорғанамын деп байқаусызда адам өлтірді деп айыпталған павлодарлық жігітке қатысты атышулы іс сотта қаралды, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға өткен жылы 11 тамызда Павлодардағы «Гоголь» түнгі клубының жанында болған. Бейнебақылау камераларынан 23 жастағы жігіттің өзі алдымен екі жас жігітке жақындап, олардың біріне шабуыл жасағанын байқауға болады. Оның қолында пышақ болған, кейін оны қалтасына салып қойған.

Біраз уақыттан кейін жігіттер арасында төбелес басталып, екеуі жерге құлаған. Сотталушы шабуылдаушыны ұрып-соғып, өзін қорғауға тырысқан. Ол артқа шегініп, жанжалдан қашпақ болғанда қарсыласы оған пышақ сермеп, артынша құлап қайтыс болған.

Сот-медициналық сараптама жас жігіттің өліміне бас-ми жарақаты мен миына қан құйылу себеп болғанын анықтады.

Өткен жылы күзде өзін қорғаған Павлодар тұрғыны жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 4,5 жылға сотталған еді.

Марқұмның анасы бұл жазаны тым жеңіл деп санап, оны қатаңдатуды талап етті. Прокуратура жәбірленушіні 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Дегенмен сотталушы Жоламанның адвокаты  айыпталушы өзін-өзі қорғау мақсатында ғана әрекет еткенін айтып, ақтауды сұрады. Апелляциялық сот бейнематериалдарды қайта қарап, дәрігерлік сараптаманы тыңдады. Талқылау барысында марқұмның анасы өз талаптарын растады

«Оның заң бойынша жазалануын қалаймын. Қандай іс-әрекет жасағанын түсінсін. Ол тірі, бірақ менің ұлым енді жоқ…», – деді әйел сотқа.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

«Менің не істеуім керек еді? Үндемей өліп, оның жаныңда жатуым керек пе еді? Тіпті жануар да қауіп төнгенде  өзін қорғайды. Оның агрессиясын көргенде, өзімді қорғауым керегін түсіндім. Қолында пышағы болды, ал менде ештеңе жоқ. Кетіп қалғым келді, бірақ ол мені жібермеді. Ол пышағын кез келген уақытта қолдануы мүмкін еді», – дейді сотталушы.

Сот дәлелдемелерді егжей-тегжейлі зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, сотталған адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігінен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) 112-бабының 2-бөлігіне (Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру) қайта саралады.

«Қауіпсіздігі ең төмен мекемеде бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Үкімге есептелген қамауда болған уақытын ескере отырып, екі тәулікке бір тәулік есебімен сотталушы жазасын өтеді деп есептеліп, ол дереу қамаудан босатылсын», – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаев сот қаулысында.