Павлодарда Қуандық Бишімбаевтың өлтірілген әйелімен қоштасу рәсімі өтті

0

Бүгін, 11 қарашада Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешітте бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкеновамен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.  Марқұммен қоштасу рәсімінде Салтанат Нүкенованың туыстары мен достары болған.

Бойжеткенді соңғы сапарға шығарып салу үшін қоштасу рәсіміне Қазақстанның әр қаласынан, оның ішінде Астана мен Алматыдан көптеген туысы келген. Салтанат Нүкеновамен қоштасу рәсімі.

Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт маңында қыршын кеткен келіншекпен қоштасуға қалың жұрт жиналған. Салтанат Нүкеновамен таныс болған әрі бойжеткенді жақсы көрген әр адам үшін бұл жаңалық басына су сепкендей болды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешіт.

Еске салайық, 9 қарашада бірқатар БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада ұсталғанын хабарлады. Тараған хабарламаларда экс-министр елордалық мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп ұрып-соққаны айтылған. Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел қаза тауып, жарақат алғанын растады. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алайда полицейлер бұл іске қатысы бар адамдардың есімін атамаған.

Бишімбаевтың ұсталғанын тек кеше, 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады. Сонымен қатар кеше, қарашаның 10-ы Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сол күні Салтанат Нүкеновамен қоштасу рәсімі қарашаның 11-і, яғни бүгін таңертең Павлодарда өтетіні туралы хабарланған болатын. Сондай-ақ бүгін, сенбіде Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.