Жезқазғанда күзгі жартылай марафон өтті
Облыс орталығында Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «ZHEZKAZGAN ALTYN KUZ» атты жартылай марафон өтті. Марафонға жалпы Қазақстанның түпкір түпкірінен және Ресей, Украина, Манғолия мемлекеттерінен марафоншылар қатысты деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«ZHEZKAZGAN ALTYN KUZ» жүгірісіне елімізден бөлек, Ресей, Моңғолия және Украинадан келген әуесқой спортшылар қатысты. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов марафонға қатысушыларға сәттілік тілеп, марафоншылармен бірге жүгірді.
Жартылай марафонда қатысушылар екі қашықтық бойынша жүгірді. Атап айтқанда, 10,5 және 21,5 шақырым аралағын құрады. Дәстүрлі шара осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар арасында жастардан бөлек, жасы егде тартқан жандар да көп болды.
— Шағын шаһарда жеңіл атлетиканы дамыту мақсатында қолға алынған марафон біртіндеп қоғамдық сипат алды. Бүгінгі жарысқа 300-ден аса желаяқ қатысуда. Марафонға қатысушылардың саны жыл санап өсуде. Жарысты жыл сайын өткізу жоспарлануда. Келесі жылы Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойында бұдан да үлкен деңгейде өткізу жоспарлануда, — дейді Жезқазған қаласы спорт бөлімінің басшысы Зухрап Даумбаев.
2 сағатқа созылған жартылай марафон өз мәресіне жетіп, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының әуесқой спортшылары алғашқы үштіктен көрінді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар мен мадақтама қағазы, арнайы медаль табыс етілді.