«Көлік рөлінде мен болдым» — Нұржан Қалжан Руслан Бөлебаймен болған жол апаты туралы айтты
Әнші Нұржан Қалжан осыдан бірнеше жыл бұрын танымал журналист Руслан Бөлебаймен бірге жол апатына түскен. Өнер иесі «Жұлдызды шаңырақта» бағдарламасында журналист қайтыс болған жол апаты жайлы бар шындықты айтты, деп жазады Kznews.kz KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Жол апатынан қалған мойнымда тыртық бар. Негізі мойынымда бес жерден қағылған темір бар. Дәрігерлер «1-2 жылдан кейін алып таста» деген. Алайда мұны алсам да, алмасам да маған күтім керек екен. Онда несіне аламын дедім, шірімейтін темір ғой. Кедергі келтірмейді. Тек Түркістан секілді алыс қалаларға көлікпен жолға шықсам, мойыным бұрылмай қалады», — деп жан сырын ақтарды Нұржан Қалжан.
Сонымен қатар өнер иесі Руслан Бөлебай қайтыс болған жол апаты кезінде көлікті өзі басқарғанын айтты.
«Ол мәңгілік есте қалатын күн ғой. Көлік рөлінде мен болдым. Бауыржан деген жігіт, менің туған жездем, Гауһар деген журналист қыз және Руслан Бөлебай болды. Түнгі сағат 03-тердің кезі еді. Мен соқпадым. Менің көлігіме келіп соқты ғой.
Алматыға әпкем мен жездем балаларымен келген. Қыдырып жүрміз. Содан Руслан хабарласты. Олар ертесіне Түркияға ұшуы керек. Бара алмайтынымды айтып едім, Руслан ренжіді. Сосын әпкем мен балаларын үйге қалдырып, жездем екеуіміз бардық. Оларды үйіне апарып тастайын десем, «Бауыржан деген жігітке барамыз» деді.
Бауыржан деген жігіт Төле би-Розыбакиев көшесіндегі мейрамханада музыкант. Оны бір сағат күттік. Гагарин көшесімен әңгімелесіп келе жатырмыз. Жылдамдығымыз 40 қана еді. Бір кезде жаныма қарасам, бір жарық келе жатыр. Айқайлап үлгергенше, соқты. Жол полициясынан қашып келе жатыр екен. Есімді жинасам, рөлге жабысып қалғанмын, айқайлап жатырмын. Руслан ортасында отыр еді. Көлік айналып келіп, оның сау жағы талға соғылады. Сонда Руслан мен Бауыржан марқұмның басы бір-біріне соқты ма екен… Өйткені, бастан кетті ғой. Есімді бір жинап, тұрып жатқанымда «Көмектесіңдер» деп айқайлап жатырмын. Сол кезде 10-15 бала келіп, есікті жұлып алды. Руслан мен Бауыржан өлді деп ойлаған жоқпын. Алдында отырған жездем жоқ, сол өлді деп ойладым. Ол артына ұшып кеткен екен. Өзім өлейін деп жатып, «Е, Құдай, мені алсаң, ал. Бірақ жездемді алма. Алты қыздың ішіндегі бір ұл. Әпкем жесір қалмаса екен» деп тілеп жатырмын. Бір кезде жездем қисалаңдап келе жатыр. Соны көремін де, мен есімді жоғалтамын. Ауруханада 1-2 ай жаттым. Сосын үш ай ауылда жаттым. Сөйтіп, өнерден қол үзіп қалдым», — деп еске алды Нұржан Қалжан.
Сондай-ақ өнер иесі Руслан Бөлебай мен Бауыржан есімді досының қайтыс болғанын алғашында білмегенін айтты. Кейін әншінің түсіне Руслан Бөлебай кірген.
«Мен Руслан мен Бауыржанның қайтыс болғанын білмедім. Маған ауруханаға келген адамдардың барлығы, «Руслан жақсы, оған да кіріп шықтық» деп айтатын. Мен сеніп жүргенмін. Сөйтіп, бір күні түсіме Руслан кіреді. Түсімде Русланның бір аяқ киімі бір жақта, екінші аяқ киімі екінші жақта. Сол кезде оның қайтыс болғанын білдім. Таңертең ұйқыдан оянамын да, жылаймын. «Руслан қайтыс болыпты ғой. Неге айтпайсыңдар?» деп жылағанмын. Сол жерде бәрі айтты», — деді Нұржан Қалжан.
фото: stan.kz