Астана медицина университетінің жатақханасында қандала қаптады деген шағым түскен: ЖОО жауап берді

0

Астана медицина университетінде қандала мен қоңыздар бар деген шағым түсті. Соған байланысты оқу орнында комиссия құрылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Комиссия студенттердің бөлмелерінде ешқандай зиянкестердің табылмағанын мәлімдеді.

«Жүргізілген комиссиялық тексеру шеңберінде санитарлық нормаларды сақтамау және тарақандардың болуы, бөлмелерде төрттен астам студентті орналастыру туралы ақпарат расталмады», – делінген жоғары оқу орнының сайтында.

Студенттерді орналастыруға дайындық аясында 26 тамызда жатақхананың екі блогына жоспарлы дезинфекция жүргізілді. Дезинфекциядан кейін тазалау компаниясы барлық бөлмелерді тазартты. Күн сайын тұрғын үй-жайларда тарақандар мен қоңыздардың болуына тексеру жүргізіледі. Университет жатақхана ғимараты ескі, 1974 жылы салынғанын мойындайды. Осыған байланысты университет кезең-кезеңімен жөндеуді бастады, қажет болған жағдайда жиһаз бен тұрмыстық техниканы жаңарту жүргізілуде.

Бұған дейін Астана медицина университетінің студенттері жатақханалардағы бөлмелердің жай-күйіне шағымданды.